«Мұндай мүмкіндікті жіберіп алғым келмеді»: Алматылық сексолог қалай 146 млн теңге жымқырғанын айтып берді
Қазақстандық Юлия Дынь 146 миллион теңге көлемінде қаржыны жымқырғаны үшін Ресей түрмесінде 8 жыл жазасын өтеді. Осы уақыт ішінде ол өмірдегі ең маңызды құндылықтарын: бостандығын, отбасын, қалыпты тұрмысы мен болашаққа деген жоспарларын жоғалтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол Бота Әбдірамановаға берген сұқбатында қылмыстық ісінің мән-жайын, тор артындағы тіршілігін, қате қадамдарының зардабы туралы алғаш рет егжей-тегжейлі айтып береді.
«Негізі, менің мамандығым — есепші. 2008 жылы жеке бухгалтерлік фирма құрдым. Алматыда бухгалтерлік есеп жүргізумен айналысатын фирма аштым. Қыздарды жұмысқа жалдап, кеңсеге отырғыздым. Өзім үнемі клиенттермен кездесіп, жаңа тапсырыстар іздеумен болдым. Осылайша қыздар жұмыс істеп, фирмамыз ақырындап қарқын ала бастады. Бұған қоса, мен бір ірі компанияның да есебін жүргіздім. Бұл оқиға тікелей сонымен байланысты. Мен қазір осы сәтті пайдалана отырып, сол компания басшылығынан кешірім сұрағым келеді. Енді бәрін егжей-тегжейлі айтып берейін. Мен онда бас бухгалтер болып жұмыс істедім, бизнесі өте жақсы дамып жатқан еді. Біз бүкіл Қазақстан бойынша сегіз филиал аштық. Оның қаржы айналымы өте үлкен болды. Олар өнеркәсіптік сантехника сатып, Қазақстан бойынша ірі дистрибьюторға айналды: вентиль, ысырма мен фитингтер сататын. Фирма қарқын алып жатқан кезде, маған қаржы ұрлаудың сәті түсті. Әрине, мен мұндай мүмкіндікті жіберіп алғым келмеді, сөйтіп ақырындап ақша жымқыра бастадым. Басында аз-аздан, 300 мың, 500 мың теңгеден алдым. Олар байқамайтын да, есептемейтін де. Сол кезде біз басқа бухгалтерлік бағдарламаға ауысып жатқанбыз. Дәл осы кезеңде мен болашақ күйеуіммен таныстым. Оның есімі — Дамир, мамандығы — бағдарламашы. Ол біздің фирмаға бағдарлама жазу үшін келіп жүргенде, екі арамызда бір ұшқын пайда болып, сезіміміз оянды», — деді Юлия Дынь.
Есепші болашақ күйеуімен танысқан кезде оның азаматтық некесінен туған 2,5 жасар Филипп есімді ұлы бар еді. Ол болашақ жары мен тұңғышының арасында өте жылы әрі жақсы қарым-қатынас орнағанын тілге тиек етті.
«Дамир өмірімізге келгенде, ұлым оған қатты бауыр басып кетті. Оны өз әкесіндей жақсы көрді. Осылайша қарым-қатынасымыз басталып, бірге жоспарлар құрдық. Оған менің жеке бухгалтерлік фирма ашқаным ұнады, кейін екеуміз ол фирмаға бірге құрылтайшы болып кірдік. Сонымен, бірге жоспар құрып жүріп, 2010 жылы ол маған тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады. Осылайша кездесіп жүре бердік. Мен оны көкке көтеріп, Құдайдай көретінмін, оған әрдайым таңғалумен болдым. Менің де тұлғалық өсуіме әсер етті. Мен 32 жаста, ал ол 24-те болатын. Санмен айтқанда, осылай. Бірақ ол кезде мен жас, әдемі едім, бұл айырмашылық мүлдем сезілген жоқ. Себебі мен өмір бойы спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстандым. Бұл маған күш-қуат берген шығар. Сондықтан жас ерекшелігіміз еш білінбеді. Оның әкесі: «Ең бастысы — бақытты болсаңдар болды»,— деді. Ал анасы, әрине, қатты уайымдап, біздің некемізді қабылдағысы келмеді. Ол тек үнсіз ғана: «Жә, жақсы, өмір сүргің келсе — өмір сүр»,— деп көнді. Татар. Таза татар емес. Әкесі — татар, анасы — орыс. Сондықтан ол шоқынған. Сол себепті кейін қызымыз София да христиандық салт-жоралғымен жерленді. Жағдай солай болды. Иә, ол маған ұсыныс жасады, біз үйлендік. Мен өзіме керемет той ұйымдастырдым: күймелер жалдап, тойды суда өткіздім. Тіпті Дубайға оның бүкіл достарын апардым, ең керемет қонақүйге тапсырыс бердім. Өйткені бәрінің көңілді болғанын қаладым. Тек екеуміз немесе Филипппен үшеуміз ғана бармай, 15 адамнан тұратын үлкен топ болып барып, үйлену тойымызды бірге, өте тату тойладық. Яғни, сол сәтте мен бақытты болсам, айналамдағылардың бәрі де бақытты болуы керек сияқты көрінетін», — деп естелігін бөлісті Юлия Дынь.
Жас жұбайлар Дубайдан оралған соң, Алматыдан жеке пәтер сатып алады. Көп ұзамай Юлияның аяғы ауырлап, отбасы үлкен қуанышқа кенеледі.
«Бала күтіп жүргенде үлкен үмітте болдық. Күйеуім қыз бала болғанын қатты қалады. УДЗ жасағанда қыз екені белгілі болғанда, оның бақытында шек болмады. Біздің үлкен жоспарларымыз бен жарқын болашағымыз бар еді. Фирма жұмыс істеп тұрды. Айналымдар жүріп, жаңа клиенттер келіп жатты. Күйеуім менің фирмама бағдарламашы ретінде кіріп, өте үлкен, күрделі бағдарламалар жазумен айналысты. Қысқасы, сондай қиын жүйелерді құрды. Иә, біз жүйелі түрде ақша шығарып алып отырдық. Күйеуім бағдарламаны басшылық ештеңе көрмейтіндей, ақшаның шығарылғаны мүлдем байқалмайтындай етіп реттеп берді. Ол бұл іске тікелей қатысты. Әрине, біздің тәуекелге бел буып, пышақтың жүзімен жүргенімізді түсінді. Бірақ оңай келген ақша екеуміздің де басымызды айналдырып жіберді. Біз өзімізге, өз нәпсімізге бақылау жасауды мүлдем жоғалттық. Өзімізді ештеңеден шектемедік: саяхаттадық, сән-салтанатты өмір сүрдік, рақаттандық. Бізге бұл әрекетіміз үшін ештеңе болмайтындай көрінді, «әйтеуір білінбей өтіп кетер» деген ойда болдық. Иә, мүмкін бір кішкентай айыппұл ғана арқалармыз, негізі басқалар да солай өмір сүріп жатыр ғой, оларға ештеңе болмады, біздің де жолымыз болып кетер деп ойладық. Бұл ұрлық 2009 жылдан 2012 жылға дейін жалғасты. Иә, бұл өте қомақты қаржыны жымқыру кезеңі болды. Бүгінгі таңда маған 146 миллион теңгенің азаматтық талап-арызы кесілді. Осы азаматтық талап бойынша айыппұл кесілгендіктен, мен бұл фирманың алдындағы берешекті толық өтемейінше, Қазақстаннан ешқайда шыға алмаймын. Қазір ресми түрде жұмыс істей алмаймын, өйткені ресми табыс тапсам, бәрі бірден соның есебіне кетіп қалады. Сондай-ақ, сотталған деген дерек үнемі алдымнан шығатындықтан, мені еш жерге ресми жұмысқа алмайды», — деп оқиғасын бөлісті есепші Юлия Дынь.
Соңғы жаңалықтар