Мұқасан Шахзадаевтың қанша жылға сотталуы мүмкін екені белгілі болды

26.11.2025 12:51 Мөлдір Талғат
Мұқасан Шахзадаевтың қанша жылға сотталуы мүмкін екені белгілі болды
0
1640
Фото: видеодан скриншот. Суретте: Мұқасан Шахзадаев

Мұқасан Шахзадаевқа қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша ол 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені мәлім болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Бұған дейін «Нұр-Мұқасан» тобының жаңа мүшесі Ғалымжан Сүлеймен танымал әншінің өзіне қол көтергенін айтып, бұл мәлімдеме қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Оқиға әлеуметтік желілерде де, бұқаралық ақпарат құралдарында да кеңінен талқыланып, халықтың назарын өзіне аударды. Полицияның ресми ақпаратына сүйенсек, 22 қараша күні Ғалымжан Сүлеймен құқық қорғау органдарына ресми шағым түсіріп, бірнеше адамның өзіне шабуыл жасап, соққыға жыққанын көрсеткен. Оқиға бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу басталған.

Жәбірленушінің адвокаты Инга Иманбайдың айтуынша, Ғалымжан Сүлейменнің жарақаттары ауыр: оның қолы сынған, мұрны сынып, беті қатты ісіп-көгерген, әрі жарақаттың күрделілігіне байланысты мұрнына хирургиялық ота жасалған. Адвокат бұл оқиғаны тұрмыстық жанжал емес, адамның денсаулығына қасақана зиян келтіру деп бағалап отыр. Оның мәліметінше, іс ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 2-бөлігі — «Адамдар тобының алдын-ала сөз байласуы арқылы денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бабы бойынша қозғалған, ал бұл бап бойынша кінәлі деп танылған адам 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қазіргі таңда тергеу жалғасып, күдіктілерден жауап алынуда, алайда оқиғаға байланысты басты фигуранттардың бірі болып саналатын Мұқасан Шахзадаев әзірге ешқандай ресми пікір білдірген жоқ, сондықтан көпшілік оның не айтатынын күтіп отыр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий