Нәлібаев Үкіметтегі жоғары орнын сақтап қалды

03.09.2026 10:46 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Нәлібаев Үкіметтегі жоғары орнын сақтап қалды
449
Фото: gov.kz

Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары қызметіне қайта тағайындалды. Тиісті шешім туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды», – делінген хабарламада.

Президент жарлығы шықпас бұрын бұл кандидатураны Қазақстан Республикасының Құрылтайы қолдаған. Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің отырысында депутаттар Нәлібаевтың үміткерлігіне толық келісім берді.

Бұл мәселе «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабына сай қаралды. Нәтижесінде комитет мүшелері ұсынылған адамды осы жоғары лауазымға тағайындауға болады деген қорытынды шығарды.

Нұрлыбек Нәлібаев кім?

Нұрлыбек Машбекұлы 1976 жылы 13 қазанда Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Ол Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін экономист-менеджер мамандығы бойынша бітірген. Одан кейін Қазақ гуманитарлық заң университетінде заңгер дипломын алды.

Еңбек жолын 1997 жылы жеке секторда бастады. Ол 2004 жылға дейін түрлі мұнай және сауда компанияларында басшылық қызметтер атқарды. Олардың қатарында «Қазақойл-коммерция», «Стандарт ОйлБейс» және «ПетроҚазақстан» секілді мекемелер бар.

Мемлекеттік қызметке 2005 жылы ауысып, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары болды. Ал 2007-2008 жылдары Қызылорда облысы әкімінің аппаратын басқарды.

Ол 2008 жылдан 2013 жылға дейін Шиелі ауданының әкімі болды. Одан кейін сегіз жыл бойы облыс орталығы – Қызылорда қаласын басқарды.

Шенеунік 2021 жылы Премьер-министр Кеңсесінің Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Ал 2022 жылдың сәуірінде Қызылорда облысының әкімі болып бекітіліп, бұл қызметті 2026 жылдың мамырына дейін атқарды.

Биыл 6 мамырда Нұрлыбек Нәлібаев алғаш рет Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған еді. Ал 3 қыркүйекте ол осы лауазымында қайта бекітіліп отыр.

Сонымен қатар ол 2026 жылдың 21 қаңтарынан бері Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі саналады. Түрлі жылдары «Құрмет», «Парасат» және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталып, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» атағын алған.

Войдите, чтобы оставить комментарий