"Нәпсінің қалауы": Омар Жәлел көп әйел алу туралы сөз қозғады
Абайтанушы, ұстаз Омар Жәлел қазіргі қоғамдағы тоқал алу мәселесіне қатысты өз пікірін білдіріп, бұл құбылыстың бүгінгі заман шындығына мүлде сәйкес келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
"Nurislam Life" YouTube арнасына берген сұхбат барысында бұл қадамға бұрын тек ауқатты адамдар ғана барғанын және бұл негізінен XIX ғасырдың идеясы екенін атап өтті.
"Қазақ байыса қатын алады деген дәл айтылған сөз. Өзің кедей болсаң, тапқан-таянғаның ішіп-жегеніңе әзер жетсе, қайдағы қатын алу?! Бұрын қазақтың бәрі қатын алған жоқ, бай адамдардың ғана үлесі болған. Қазақ қоғамы бұл идеямен ауырып болып қалды, бұл да бір өтпелі кезең болды", – деді Омар Жәлел.
Оның сөзінше, отбасылық құндылықтар мен әлеуметтік жағдай түбегейлі өзгерген. Өз өмірлік тәжірибесіне сүйенген абайтанушы бұл үрдістің қоғамға да, жастарға да ешқандай пайда әкелмейтінін ашық жеткізді.
"Оны мен басымнан өткердім, зиян екеніне 100 пайыз көзім жетеді. Қазіргі қоғамға зиян. Адамдардың түсінігі, әйелдердің еркіндікке ұмтылуы басқа мәселе. Былайша айтқанда ол – нәпсінің қалауы, иттігіміз. Әртүрлі жағдайлар болады, бала көтере алмаса, ауырса, қайтыс болса дегендей. Ал өзіңнің жарың сау болса, бала көтеруге қабілетті болса, бұл оймен ауырудың қажеті жоқ. Жастарға пайда әкелмейтін нәрсе. Басымыздан өттік, ащы-тұщысын бәрін таттық", – деп түйіндеді сөзін ғалым.
Соңғы жаңалықтар