Назарбаевтың ескерткіші орнында қалатын болды
Алматыда Тұңғыш Президент саябағы күрделі жаңғырту жұмыстарына байланысты уақытша жабылады, деп хабарлайды Politico.kz.
Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы саябақ аумағында құрылыс-монтаж жұмыстары басталатынын мәлімдеді. Жөндеу кезінде инженерлік желілер мен жүргіншілер жолдары толық жаңартылады. Сонымен бірге аумақты кешенді көркейту мен көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.

Реконструкция барысында тұрғындар мен қала қонақтары жақын маңдағы Flow Park демалыс орнында серуендей алады. Ол жерге көршілес аумақтарды жалғайтын жүргіншілер көпірі арқылы өтуге болады. Әкімдік өкілдері саябақтың қайта ашылатын күнін қосымша хабарлауға уәде берді. Сондай-ақ қала билігі тұрғындардан серуенді жоспарлау кезінде осы уақытша шектеуді ескеруді сұрайды.
Саябақты жаңғырту кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші қозғалмайды. Баспасөз қызметі монументке қатысты ешқандай өзгеріс жоспарланбағанын жеткізді. Ол өзінің бұрынғы орнында сақталады.
Бұл монумент 2011 жылдың 11 қарашасында Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ашылған болатын. Таяуда бұл ескерткіштің орнатылғанына 15 жыл толады.
Соңғы жаңалықтар