Несие алу қиындайды: банктер туралы заң қайта қаралады
Қазақстанда банктер және банк қызметі туралы жаңа заң жобасы қайта қаралатын болды. деп хабарлайды Politico.kz.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты заң жобасындағы бірқатар нормаларды қолдамай, құжатты Мәжіліске кері қайтарды. Бұл туралы Сенат төрағасы Маулен Әшімбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, заң жобасындағы 16 түзету қайта өңдеуді қажет етеді.
25 желтоқсанда Сенатта банктер туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Талқылау барысында сенатор Амангелді Нұғманов банктерге қойылатын талаптардың тым қатаң болуы несиеге қолжетімділікті төмендетуі мүмкін екенін айтты.
Оның сөзінше, шамадан тыс реттеу:
- банктердің несие беру мүмкіндігін шектейді,
- инвестициялық белсенділікті бәсеңдетеді,
- нақты экономикаға бағытталатын қаржы ағынын азайтады.
«Мемлекеттік бақылауды күшейту қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуі керек, бірақ ол экономиканың дамуын тежеуге айналмауы тиіс», – деді сенатор.
Ұсынылып отырған заң жобасы банк секторына бірқатар өзгеріс әкелуді көздейді:
Банк лицензиясы екі түрге бөлінеді:
- базалық лицензия – микро және шағын бизнеске қызмет көрсетуге арналған;
- әмбебап лицензия – ірі әрі толыққанды банктер үшін.
Қазіргі таңда барлық банктер бір ғана әмбебап лицензиямен жұмыс істейді.
Банктердің клиентпен қарым-қатынасына бақылау енгізіледі. Бұл азаматтарды несиеге мәжбүрлеу, артық қарыз жүктеу сияқты әрекеттерден қорғауға бағытталған.Банкроттық жүйесі реформаланады, әсіресе қаржылық тұрақсыздық тәуекелдері ескеріледі. Несие мен ипотекаға ерекше назар аударылады. Азаматтардың қарыз жүктемесін шектеу және қаржылық сауаттылықты арттыру шаралары қарастырылған.
Сенат мақұлдамаған баптар жаңа редакцияда қайта жазылып, заң жобасы Мәжіліске жолданады. Одан кейін құжат қайтадан парламенттік талқылаудан өтеді.
Соңғы жаңалықтар