«Нормальный еркектен қатын кетпейді»: Бағлан Әбдірайымов ажырасудың неге көбейгенін айтты

16.07.2026 17:34 Томирис САҒЫНДЫҚ
«Нормальный еркектен қатын кетпейді»: Бағлан Әбдірайымов ажырасудың неге көбейгенін айтты
97
Фото: ашық дереккөз

«Жігіттер» тобының солисі, танымал әнші Бағлан Әбдірайымов қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі — ажырасудың көбеюіне қатысты өз ойын білдірді. Өнер иесі бұл үрдістің белең алуына ер-азаматтардың жауапкершілігі тікелей әсер ететінін ашық айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Кездесу» бағдарламасында әңгімеледі. 

Әнші бұрынғы уақытпен салыстырғанда қазір ажырасуға жеңіл қарайтындардың көбейгеніне қынжылыс білдірді. Оның пікірінше, отбасының беріктігі мен шаңырақтың шайқалмауы ер-азаматтың өзіне байланысты.

«Мақсат деген ағамыз бұрынырақта, ертеректе айтатын еді. Сол әңгімесін мен де жиі айтып жүремін: «Нормальный еркектен қатын кетпейді», — дейді. Енді жігітшілікке салатын болсақ, бәрі тікелей еркекке байланысты. Адамның жаманы жоқ қой. Меніңше, жігіттердің көбісі бұған ренжіп қалатын шығар, «әйелімнің мінезі мынадай, анадай» деп ақталатын болар. Жоқ, олай емес, бұл тікелей еркекке байланысты. Өйткені бағана да әңгімемізде айтып қалдық қой: ең бірінші Алла Тағала Адам атаны жаратқан, содан кейін барып оның қабырғасынан Хауа ананы жаратқан. Сондықтан әйел адам — еркекке аманат. Аманатқа алғаннан кейін, оны өзі жөнге келтіруі керек. Өзі жөнге келтіре алмағаннан кейін, әйелге шамасы келмегеннен соң осындай ажырасулар болып жатады», — деді Бағлан Әбдірайымов.

«Мысалы, сіздің басыңыздан қаншама қиын оқиғалар өтті, иә? Бірнеше миллиондаған қарыздарыңыз болды. Сол уақытта жарыңыз жаныңыздан табылып, сізге тірек, қолдаушы болды», — деп ойын бөлісті журналист.

«Бұл жерде мынадай нәрсе бар сияқты: мен басымда болып жатқан көшедегі проблемаларымды ешқашан үйге әкелген жоқпын. Мен сыртта көріп жүрген, кездескен кез келген проблеманы үйге тасымадым. Отбасымды сақтап, құтқарып қалған бірден-бір себеп сол шығар деп ойлаймын. Бір күні Стамбұлда Айнұр Тұрсынбаева апамыздың үйінде отырғанбыз. Сонда Айнұр ханым Розадан: «Бағлан ең көп дегенде қанша қарызға кірді? Одан қалай құтылды? Енді қазір мынша қарызы бар екен ғой...» — деп сұрады. Біз замандас болғаннан кейін: «Ақша табу, анау-мынау», — деген сияқты тақырыптарда Айнұр ханыммен еркін сөйлесе береміз ғой. Сонда Айнұр ханым: «Осындай қарызы бар екен, сен уайымдамайсың ба?» — десе, Роза шәй ішіп отырып: «Е, жоқ, үйреніп қалғанбыз», — депті. (Күледі.) Бұл жауапқа Айнұр ханым риза болып, қарап қалды. Өйткені неге? «Үйреніп қалғанбыз» дегені жаман әдетті меңзегені емес, бұл — сенімділіктен туған сөз. Себебі бұдан да қиын күндерден аман-есен шыққанбыз. Сондықтан бұл сөзімен ол «Бағлан үшін бұл үйреншікті жағдай» деп тұр ғой», — деп бөлісті әнші.

Бағлан Әбдірайымов ер-азаматтың өз жарының алдындағы беделін түсірмей, әлсіздік танытпауы керектігін де ерекше атап өтті. Өйткені әйел адам жарынан қорған мен мықты тіректі көрмесе, уақыт өте келе сыйластық пен махаббат та өше бастайтынын ескертті.

«Яғни айтпағым, көбінесе ер-азаматтар әйелдерімен бөліспеуі тиіс сырларын үйде айтып қоятын шығар. Қыз-келіншектер, әйел қауымы өте қызық келеді, егер сенің бір кемшілігіңді көріп қоятын болса, оны бетіңе баса береді. 10 жыл, 20 жыл өтсе де айта береді», — деді Бағлан Әбдірайымов.

Войдите, чтобы оставить комментарий