"Ол қылмыскер болып қала береді": Айтбек Амангелді Бақытжан Байжановтың бостандыққа шығуына қатысты пікір білдірді

23.07.2026 17:20 Мөлдір ҚАЙНАР
66
Фото: видеодан скриншот

Салтанат Нүкенованың бауыры Айтбек Амангелді 22 шілдеде бостандыққа шыққан Бақытжан Байжановтың жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол заңгерлермен кеңесе отырып, бұл жағдайға заң жүзінде ықпал ету мүмкін еместігін жеткізді. Сондай-ақ ережеге сәйкес, бұл мәселе жәбірленуші тараптың қатысуынсыз қаралғанын атап өтті.

Сонымен бірге Амангелді бостандыққа шығу адамды кінәсіз деп тануды білдірмейтінін баса айтты.

"Рақымшылық "кінәсіз" дегенді білдірмейді. Рақымшылық үкімнің күшін жоймайды, адамды кінәсіз деп танымайды және сот белгілеген кінені жоққа шығармайды. Байжанов 6 жылдық пробациялық бақылаудағы қылмыскер болып қала береді", – деп жазды ол Instagram парақшасында.

Кейінірек Айтбек Амангелді арнайы бейнеүндеу жариялап, отбасы мен адвокаттар жағдайды талқылағанын, бірақ шешімді өзгертудің құқықтық тетіктері жоқ екенін растады.

"Бұл жағдайға ешқандай ықпал ете алмаймыз. Біз кассацияны ұтып алдық. Оның кассациядағы мақсаты өзін кінәсіз деп дәлелдеу еді, бірақ ол олай болмады. Оның соттылығы бар, ол қылмыскер", – деді Амангелді.

Сөз соңында ол бұл жағдайды қабылдау өзіне де оңай тимегенін, алайда бұл тақырыптың бұдан былай жабылғанын айтты.

Войдите, чтобы оставить комментарий