Орынбор. Су басқан Ресей облысы апатпен қалай күресіп жатыр?
Орынбор облысындағы су тасқыны кезінде кемі 5 адам қаза тапты. 2014 жылы 1 миллиард рубльге салынған су бөгеті 3 күнде үш рет жарылған. 10 мыңнан астам үйді су басып, мыңдаған адам эвакуацияланды. Ор және Орынбор облыстарында федералды деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.
5 сәуірде Ордағы Жайық өзенінің сол жағалауындағы су бөгеті жарылған. Салдарынан Ескі қала аумағындағы мыңдаған үй су астында қалды. Билік су тасқыны қаупі жайлы тұрғындарға бірнеше сағат бұрын ғана ескертіп, «басқа жаққа көшу әркімнің өз еркінде» деген. Ертеңіне Жайықтың оң жағалауындағы су бөгеті жарылғаннан кейін ғана билік Никель ауылының тұрғындарын эвакуациялай бастады. – Бөгет жарылатынын білген жоқпыз. Күндіз барғанымда, су бөгеттің ернеуіне 2 метрдей ғана жетпей тұрған. Кешке су көтеріле бастады, бірақ бөгет жарылады деп ойламадық. Ығы-жығы адам жиналып, арнайы қызмет өкілдері келе бастады. Уайымдап, балаларымды көлікке отырғызып, вокзалға бардым. Қас қарайғанда келіп, құжаттарымызды ғана алып үлгердім. Қазір үйіміздің төбесі ғана көрініп тұр, – дейді жергілікті тұрғын Александра.Төтенше жағдай қызметінен су бөгеті жарылғаны жайлы хабарлама түнгі 12-де – Александраның үйін су алып, 50 тауығы қырылып қалған кезде бір-ақ келген. 7 сәуір күні Жайықтың суы қалыпты мөлшерден 30 сантиметрге көтеріліп, ертеңіне бөгеттің тағы бір тұсы жарылды. Бұл жолы Лесоторговый ауылын су басты. – Бөгет жарылғанда, көбі ұйықтап жатқан. Туыстарым «адамдар көз алдымызда суға кетіп өлді» дейді. Олар құжаттан басқа ештеңе алып үлгермеген, енді баспанасыз қалды, – дейді Ольга Ор қаласында тұратын жақындарын ойлап. Соңғы деректер бойынша, Ор қаласынан 1164 адам эвакуацияланған, оның 336-сы – бала. Оларды мектептерден ашылған 12 уақытша баспанаға жайғастырған. Орынбор облысының губернаторы Денис Паслер биылғы тасқынды өңір тарихындағы ең ауқымды апатқа жатқызып отыр. Ор тұрғыны Анна достарының былтыр ипотекаға алған үйін су басып, өздері әзер аман қалғанын, қазір Қазақстандағы туыстарын паналауға кеткенін айтады. 7 сәуірде Ресей президенті Владимир Путиннің бұйрығымен Ор қаласына төтенше жағдайлар министрі Александр Куренков барды. Ертеңіне тұрғындармен губернатор кездесті. Ордағы су бөгеті жарылған соң, жергілікті тұрғындар мемлекеттен өтемақы талап етіп, митингіге шыққан. Олар «Масқара!», «Путин, көмектес» деп ұрандады. Адамдар биліктің тұрғындарды дер кезінде эвакуацияламағанына наразы. Басында полиция биліктің рұқсатынсыз митинг өткізу заңсыз екенін ескертіп, демонстранттарды таратуға тырысты. Бірақ халық алаңда қалып, бөгеттің жарылуына кінәлілерді табуды, мүлік шығыны үшін төленетін өтемақы мөлшерін көтеруді талап етті. Билік өкілдері баспанасыз қалған отбасыларға жан басына 100 мың рубльден, мүлкі жартылай жарамсыз болып қалғандарға 50 мың рубльден төлейміз деген. Ор қаласының тұрғындары мемлекеттен лайықты өтемақы сұрап, петиция жариялады. 9 сәуірге дейін құжатқа 11,5 мың адам қол қойған. – 100 мың рубльден береміз дейді, біз 5 адамбыз, бұл ақша қай жағымызға жетеді? 3 жыл бұрын газ кіргізгенде, құрал-жабдықтың өзіне 100 мың рубльдей ақшамыз кеткен. Осы қыста ғана тиындап жинаған ақшамызға 2 бөлмені жөндедік, – дейді Александра. 8 сәуірде жұрт Ор қаласының мэрінен үйлерді қалпына келтіру, мародерлерден қорғау, өтемақы көлемі жайлы сұраған. Бірақ мэр сұрақтарға жауап бермей, әкімдікке кіріп кетті. 3 сәуірде ғана қала басшысы бөгет басына барып, су тасқыны қаупі жоқ деген еді. Төтенше жағдайлар министрі Александр Куренков адамдардың өзін кінәлады. Оның сөзінше, эвакуация бір апта бұрын жарияланған, ал халық мұны ойын көріп, үйлерінен көшпеген. Су тасқынынан бірнеше күн бұрын билік «Су бөгеті шыдас береді, жарылмайды» деп сендірген. Тұрғындармен кездескеннен кейін губернатор Паслер су бөгетіне жауапты адамдарға қарсы қылмыстық іс қозғалғанын, апат салдарына су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан басқалардың бәрі кінәлі екенін айтты. Губернатор алдағы екі аптада отбасыларға уақытша баспана жалдауға айына 10 мың рубльден төлеуге уәде берді. Ол өтемақы көлемін екі еселеу туралы да айтты. Бірақ наразы жұрт бұл ақшаға келіспейді. Алдын-ала деректер бойынша, Орынбор облысындағы су тасқынынан келген шығын 20 млрд рубльден асады. Путин Орынбор және су тасқынынан зардап шеккен басқа 39 өңір туралы мәлімдеме жасаған жоқ. Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков биліктің әрекетсіздігі жайлы сынға «қазір баға беретін уақыт емес» деп жауап берді. Су бөгетін салған «Спецстрой» компаниясының директоры Сергей Комаров нысанды тышқан кеміріп, бүлдірген дейді. Эколог Максим Лапушкин су бөгеті әуелден сапасыз салынған деп отыр. MSK1.ru дерегінше, 2014 жылы Федералды қаржы бақылау қызметі су бөгетінің құрылысы кезінде ақша дұрыс жұмсалмағанын анықтаған. Мәселен, компания құрылыс материалдарының бағасын артық көрсетіп, бірқатар жұмысты атқармаған. 2020 маусымда Ростехнадзор су бөгетінен 38 заңбұзушылық тауып, муниципалитетке 20 мың рубль айыппұл салған. Ресейде бизнес субъектілеріне жоспарсыз тексеруге мораторий жарияланғандықтан, компанияның кемшіліктерді түзеткенін тексеру қиын. Апат Сібірдің Омбы және Түмен облыстарына да жеткен. Жергілікті тұрғындар билік апат ауқымын жасырып, су тасқыны қаупін әлі де мойындамай отыр дейді. Халық жаны мен малын өзі құтқарып жатыр. Су тасқынын бұрын да көрген тәжірибелі тұрғындар билік өкілдерінің «қорқатын үлкен қауіп жоқ» деген сөздеріне сенбеуге шақырады.
Здесь пока ничего нет
Соңғы жаңалықтар
12.12.2024
09:39
Қазақстанның тәуелсіздік алғаны
12.12.2024
09:27
Полиция Шерзат Полаттың үйін өртеген адамдарды ...
12.12.2024
09:10
2025 Жаңа жылға арналған құттықтау сөздер мен т...
11.12.2024
21:21
Шерзат Полат ісіндегі екі әйел куәгер болып кет...
11.12.2024
20:19
Марқұм Нұрқанат туралы тың деректер шықты
11.12.2024
19:48
Жаңа адамдар Бағлан Әбдірайымовқа өзімен жұмыс ...