Өскеменде жоғары лауазымды судья парамен ұсталды

01.06.2026 20:55 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Өскеменде жоғары лауазымды судья парамен ұсталды
456
Фото: әлеуметтік желіден

Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бакин Әділ аса ірі мөлшерде пара алып жатқан жерінде ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жоғарғы сот редакциямызға бұл ақпаратты растады.

«ҰҚК Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті мен Сот әкімшілігінің ішкі қауіпсіздік бөлімінің Өскемен қаласындағы бірлескен операциясы нәтижесінде Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Б. мүдделі тараптың пайдасына оң шешім шығарғаны үшін аса ірі мөлшерде пара алу үстінде ұсталды», – деп мәлімдеді Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Nege.kz басылымының өз дереккөздеріне сүйеніп таратқан ақпаратына қарағанда, күдікті судья бас бостандығынан айырумен байланысты емес үкім шығарғаны үшін 40 млн теңге сұраған болуы мүмкін. Белгілі болғандай, кеше қаладағы дәмханалардың бірінде ақшаны қолма-қол бермек болған кезде ол бірден құрықталған.

Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, аты аталған лауазым иесі 1966 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын 1990 жылы Өскеменнің Үлбі аудандық прокуратурасында тергеуші болып бастаған ол әр жылдары Қазақ көлік прокуратурасында, Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаменті мен Халыққа қызмет көрсету орталығында басшылық қызметтер атқарған. Судьялық мансабында ол облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы, Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық сотының судьясы және Шығыс Қазақстан облыстық сотының қатардағы судьясы қызметтерінен өтіп, 2023 жылдың маусымында қазіргі лауазымына тағайындалған.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтау қаласында мамандандырылған тергеу сотының төрағасы ұсталғаны расталған еді

Войдите, чтобы оставить комментарий