Өзенге құлап, комаға түскен әйел жұмақ қақпасы мен Құдайды көргенін айтты

Өзенге құлап, комаға түскен әйел жұмақ қақпасы мен Құдайды көргенін айтты
30.05.2025 16:16
0
974
Фото: pixabay.com

Нью-Йорк қаласында дүниеге келген Лиза Блисс есімді әйел бала кезінде бастан кешкен жұмбақ оқиға жайлы баяндап берді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

DailyMail  басылымының дерегінше, бұл жағдай Лиза он жаста болғанда, ата-әжесінің қала сыртындағы үйінде демалып жүрген кезінде орын алған. Ол жақын маңда ағып жатқан өзенге абайсызда құлап кетіп, жарты сағат бойы ес-түссіз жатқан. Сол кезде Лиза өзін жарыққа толы, айналасы түрлі-түсті экзотикалық гүлдермен көмкерілген әдемі кеңістікте жүргендей сезінген. Артынша ол гүлдер егілген соқпақ жолмен келе жатқанын байқайды. Сол жол оны белгісіз бағытқа бастап отырған. Жол бойымен келе жатып, Лиза жарқырап тұрған ғажап қақпаны көреді.

«Бала күнімде бұл қақпа менің отбасым мен шіркеуде естіген жұмақтың қақпасына ұқсайды деп ойладым», – дейді ол.

Қақпаның ар жағында бір бейне тұрған, Лиза оны Құдай деп топшылаған. Қақпаға апаратын жолдың бойында ақ түсті киім киген адамдар болғанымен, олардың жүзін айқын көре алмаған. Қақпа жабылып қалмай тұрып, оған жетіп үлгеру керек екенін түйсінген сәтте алға ұмтылады, бірақ белгісіз күш оны артқа қарай тарта бастайды. Сол мезетте есін жиып, өзен жағасында жатқанын аңғарған. Кейінірек ол судан немере ағасы құтқарып қалғанын білген. Алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ол қайтадан ата-әжесінің үйіне жеткізіледі.

«Денеме қайта оралғанымды бірден сездім. Бұл өте қорқынышты болды. Тіпті шынайы өмірден де қорқынышты. Денем ауырлап кеткендей, ал күн сәулесі жарқырап тұрса да, айналам бозғылт әрі көмескі түске енгендей болды», – дейді Лиза.

Оқиғадан кейін ол терең күйзеліске түскен. Жақындары оның тірі қалуын өзен суының ерекше салқындығымен түсіндіреді. Дәл сол суық су миының оттегісіз ұзақ уақыт қалуына қарамастан зақымданбауына себеп болған көрінеді. Лиза үш күн бойы ес-түссіз жатқан. Бұл жай ұйқы емес, комаға ұқсас күй болған. Арада біраз уақыт өткен соң оның жағдайы біртіндеп жақсарып, толықтай қалпына келеді. Айта кетерлігі, 2024 жылдың қазанында тағы бір америкалық тұрғын — 68 жастағы Шарлотта Холмс — клиникалық өлім кезінде бастан өткерген ерекше рухани тәжірибесі туралы айтып берген еді. Ол сол сәтте жұмақ пен тозақты көргенін баяндаған.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий