Павлодарлық зейнеткерлер банк ішінде жарылыс ұйымдастырды
Павлодар қаласындағы Халық банкі бөлімшелерінің бірінде телефон алаяқтарының сөзіне сенген екі зейнеткер тортқа жасырылған петарда жарып, салдарынан жеңіл жарақат алды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 15 шілде күні сағат 16:00 шамасында болған. Бейнебақылау камерасындағы кадрлардан қарт кісілердің тортты дөңгелек үстелге қойып, оны тұтатқанын көруге болады. Жарылғыш зат тұтанған сәтте ата сәл әрірек шегініп үлгергенімен, петарданың дәл жанында тұрып қалған әжені жарылыс қатты шайқалтып жіберген.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл қариялар бұған дейін де жалған инвестициялық жобаларға ақша салып, алаяқтардың құрығына түскен. Құқық қорғаушылар ұрланған қаражат өткен дропперлерді анықтап, ақшаны қайтару шараларын қолға алған. Алайда қаскөйлер жәбірленушілермен қайта байланысқа шығып, жоғалған қаражатты толық қайтарып береміз деген уәдемен оларды торт пен петарда сатып алуға көндірген. Осылайша бейтаныс адамдардың нұсқауын бұлжытпай орындаған қариялар банк ғимаратына келіп, тәттінің ішіне жасырылған пиротехниканы іске қосқан.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалып, тәртіп сақшылары қылмысқа қатысы бар барлық күдіктіні анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Соңғы жаңалықтар