Перуашев пен Жаңбыршин дауы: Депутаттардың арасында пікірталас туындады

29.05.2026 14:03 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Перуашев пен Жаңбыршин дауы: Депутаттардың арасында пікірталас туындады
454
Коллаж Politico.kz

Парламент Мәжілісінде экологиялық заң жобасына қатысты депутаттар Еділ Жаңбыршин мен Азат Перуашевтің арасында қызу пікірталас туындады, деп хабарлайды Kozachkov offside телеграм арнасы.

Заң жобасын әзірлеушілер бизнес субъектілерін экологиялық тексеру тәртібін Кәсіпкерлік кодекстен алып тастауды ұсынып отыр. Қазіргі кодексте кім, қандай негізде және қай мерзімде тексеріс жүргізе алатыны нақты жазылған, сондай-ақ кәсіпкерлер өз құқығын қорғау үшін кез келген тексеріс прокуратурада тіркелуі тиіс.

Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, жаңа түзетулер қабылданса, экоинспекторлар ескертусіз әрі прокуратураның келісімінсіз шұғыл түрде кез келген кәсіпорынды тексере алады.

Бұл бастама мәжілістегі қос депутаттың сөз қағысуына түрткі болды. Бұған дейін қаңғыбас иттерді аулағаннан кейін бес күннен соң өлтіруді ұсынған Еділ Жаңбыршин адам өмірінің құндылығын алға тартып, апаттардың алдын алу үшін аталған шараның қажет екенін айтты. Ал кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын «Ақ жол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашев бұл өзгерістермен мүлдем келіспейтінін білдірді.

Козачков бұл жағдайдың артында бірнеше қауіп тұрғанын, оның ең бастысы жемқорлықпен байланысты екенін атап өтті. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын ішкі істер жүйесіндегі реформа кезінде форма киген барлық қызметкерге жүргізушілерді тексеруге рұқсат берілгенін, салдарынан полицейлер тікелей міндеттерін тастап, жолға шығып кеткенін мысалға келтірді. Егер экоинспекторларға шектеусіз тексеру құқығы берілсе, олар кез келген кәсіпорынның жұмысын тоқтатып, кәсіпкерлерден заңсыз пайда көруі мүмкін.

Екінші мәселе шағын және орта бизнеске төнетін қауіпке қатысты болып отыр. Ірі компаниялардың штатында заңсыз тексерулерге төтеп бере алатын білікті заңгерлер болса, салық көлемі артқан қазіргі уақытта қарапайым кәсіпкерлердің негізсіз шағымдармен күресуге ешқандай қауқары жоқ.

Сонымен қатар ұсынылып отырған түзетулер Президенттің Жолдауына қайшы келеді.

«Міндетті талаптар тізімі бизнесті шектен тыс тексерістерден қорғайтын маңызды құралдың бірі болуға тиіс. Қолданыстағы нормалардың Кәсіпкерлік кодекске сәйкестігін қосымша тексеріп, тізімді тезірек қолданысқа енгізу қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Пікірталас барысында Еділ Жаңбыршин қарсыластарын заң жобасын түсінбейтін лоббистер деп айыптап, бұл түзетулер шағын бизнеске емес, тек ірі кәсіпорындарға қатысты екенін мәлімдеді. Алайда Азат Перуашев ірі ластаушылардың жауапкершілігін қатайту қажеттігін қолдағанымен, оларды қатардағы кәсіпкерлермен шатастырмауға шақырды. «Ақ жол» жетекшісі Жаңбыршин сүйеніп отырған нормада нысандарды көлеміне қарай бөлу қарастырылмағанын, демек ірі компаниялар да, шағын кәсіпкерлік те тексерушілердің толық билігіне өтіп кететінін ескертті.

Журналистің пайымдауынша, бұл жағдайда тексеріс пен бопсалау ірі алпауыттарға емес, дәл осы шағын және орта бизнеске бағытталуы әбден мүмкін.

Войдите, чтобы оставить комментарий