Перзенттің ата-анадан суып кетуінің 5 себебі

03.12.2025 14:04 Арман Ермеков
Перзенттің ата-анадан суып кетуінің 5 себебі
0
95
Фото: ашық дереккөз

Ата-ананың қадірін қашыратын 5 қателік

Бала өсірген әрбір ата-ана бір күні мынадай суық шындықпен бетпе-бет келеді: кеше ғана мойныңызға асылып, әр сөзіңізді аңдып отыратын балаңыз бүгін жат болып барады. Қоңырау шалсаңыз – жауап қысқа, кездесу – сирек. Бұл не? Тәрбиенің кемшілігі ме, әлде заманның ағымы ма?

Психологтардың пайымдауынша, баланың безбүйрек болып өсуіне көбіне ата-ананың өзі жіберетін "ізгі ниетті" қателіктер себеп болады. Ендеше, жылулықты суықтыққа алмастыратын 5 қателікті талдап көрейік.

Бірінші және ең жиі кездесетін себеп – қиындықтардан шамадан тыс қорғау. Ата-ана баласын барлық келеңсіздіктен сақтап, мәселесін үнемі өзі шешіп бергенде, бала өзгелердің еңбегін бағалау қабілетінен айырылады. «Әкем бәрін шешеді» деген сеніммен өскен бала кейін әкесі көмекке мұқтаж болғанда немқұрайлылық танытуы мүмкін. Психологтар ата-ананың да ет пен сүйектен жаралған адам екенін, олардың да қолдауға мұқтаж сәттері болатынын дер кезінде көрсету керектігін ескертеді.

Екінші себеп – үнсіздік қорғаны. Көп ата-ана балаларын мазалағысы келмей, өз уайымын іште сақтайды. Алайда үнсіздік түсіністікке емес, алшақтыққа алып келеді. Балалар ата-анасының жан дүниесіндегі күйзелісті байқамауы мүмкін, сол себепті өз сезімдері туралы ашық айту маңызды.

Үшінші қателік – жібере алмау. Ата-ананың ересек баласын әлі күнге дейін кішкентай сәбидей көріп, оның өмірін бақылауға тырысуы шекараны бұзу болып саналады. Бақылау мен ақыл айту қамқорлық сияқты көрінгенімен, шын мәнінде баланың дербестігіне нұқсан келтіреді. Мамандар баланың шешіміне құрметпен қарап, оны еркіндікке жіберу сенімді қарым-қатынастың алғашқы қадамы екенін айтады.

Төртінші себеп – құрбандыққа баруды әдетке айналдыру. Бар өмірін балаларына арнап, өзін ұмытқан аналар жиі кездеседі. Алайда балалар мұндай шексіз қамқорлықты қалыпты жағдай деп қабылдап, оны бағалаудан қалады. «Мен мұны сіздер үшін істеп жатырмын және оның бағаланғанын қалаймын» деп жұмсақ әрі нық жеткізу арқылы жағдайды өзгертуге болады.

Бесінші қателік – үнемі қолжетімді болу. Ата-ананың «қашан шақырса да дайын тұратын қызмет көрсетушіге» айналуы баланың оларға деген құрметін төмендетеді. Көмек – бұл міндет емес, сыйлық екенін түсіндіру қажет. Шекара қою арқылы ата-ана балаға қамқорлық таныту мүмкіндігін ұсынады.

Қарым-қатынас – бір жақты қозғалыс емес. Ата-ана баласына махаббат бергенімен, одан қайтарым күтуге, өзіне құрмет талап етуге және "мен де адаммын, менің де шаршайтын кезім болады" деп айтуға толық хақылы. Тек сонда ғана бала ата-ананың қадірін түсінеді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий