«Петропавл – бұл Ресей»: ТикТоктағы пікірі үшін әйел 5 жылға сотталды
Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданының соты сепаратистік пиғылдағы пікір жазған әйелді бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Сот кабинетінің мәліметіне сүйенсек, 2026 жылдың 16 ақпанында Сергеевка қаласында өткен сот отырысында Куприяновка ауылының тұрғыны Татьяна Лизогубқа қатысты үкім шықты. Ол Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуды насихаттады деп айыпталды.
Оқиға 2025 жылдың 22 шілдесінде болған. Сотталушы TikTok әлеуметтік желісінде қала атауына қатысты жарияланған видеоның астына пікір қалдырған.
«Петропавл – бұл Ресей, бірақ нақты Қазақстан емес, қазір ұрлап алғысы келеді, бірақ ештеңе етпейді, жақында бәрі өз орнына оралады, сол кезде біз күлетін боламыз», - деп жазған сотталушы.
Бұл жазба желі қолданушыларының наразылығын тудырып, шағым түсірген.
Сот барысында Татьяна Лизогуб өз кінәсін толыққанды мойындамады. Ол бұл сөзі арқылы қала атауын өзгерту мәселесін ғана меңзегенін айтқан. Алайда сараптама қорытындысы оның сөздерінде сепаратизмді насихаттау белгілері бар екенін растады.
Судья жаза тағайындау кезінде айыпталушының асырауында 2011 жылы туған кәмелетке толмаған баласы бар екенін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Осыған қарамастан сот шешімімен Татьяна Лизогуб Қылмыстық кодексінің 180-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу бұйырылды. Сондай-ақ оның қылмыс құралы ретінде танылған ұялы телефоны мемлекет пайдасына тәркіленді. Сот залында ол бірден қамауға алынды. Сонымен қатар сотталушыдан сараптама жұмыстары мен жәбірленушілерге өтемақы қорына жалпы сомасы 530 мың теңгедей қаражат өндірілді.
Соңғы жаңалықтар