Петропавлда 25 жыл отырып шыққан маньяк жаңа қылмысы үшін қайта сотталды

07.09.2026 17:22 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Петропавлда 25 жыл отырып шыққан маньяк жаңа қылмысы үшін қайта сотталды
190
Фото: istockphoto.com

Петропавлда жеті жасар қызды өлтіріп, әйелдерге шабуыл жасағаны үшін 25 жыл түрмеде отырып шыққан Валерий Кричиневский қайта сотталды. Халық арасында «балталы маньяк» атанған ер адам жаңа қылмысы үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz порталы Петропавловск.news-ке сілтемемен.

Петропавл қалалық соты 7 қыркүйекте үкім шығарды. Қылмыстық кодекстің 121-бабы 2-бөлігіне сәйкес, ол ауырлататын мән-жайларда сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасады деп танылды. Айыпты жазасын барынша қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.

Жаңа қылмыс 2026 жылдың шілдесінде тіркелген. Ер адам қала шетіндегі Жұмысшы кентінің саяжай аумағында әйелге шабуыл жасаған. Алайда оны кездейсоқ өтіп бара жатқан адам үркітіп жіберген.

Зардап шегуші қауіпсіз жерге жеткен соң бірден полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары күдіктіні екі сағаттың ішінде ұстады. Оның түрі жәбірленушінің сипаттамасына сай келген, ал нақты жүрген жерін электронды білезік арқылы анықтаған.

Бастапқыда полиция бұл істі сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылыққа оқталу фактісі бойынша тергеген. Тергеу барысын Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің басшылығы тікелей бақылауда ұстады.

Кричиневский өзіне тағайындалған 25 жылдық жазаны толық өтеп, 2024 жылдың қаңтарында бостандыққа шыққан еді. Оның босатылуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Облыс орталығына оралған соң оны әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырып, әкімшілік қадағалауға алған.

Сот шешімімен оған бірқатар шектеу қойылды. Ер адамға мыналарға тыйым салынды:

• сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін үйден шығуға;

• қала аумағынан тыс жерге баруға;

• алкоголь мен есірткі тұтынуға;

• ойын-сауық орындарына баруға.

Сонымен қатар оған электронды білезік тағылып, полицейлер арнайы кесте бойынша тексеріп тұрған. Ішкі істер министрлігі оның мінез-құлқы үнемі бақылауда болатынын мәлімдеген еді. Полиция мәліметінше, жаңа қылмысқа дейін оған қатысты айтарлықтай ескерту болмаған.

1999 жылы Валерий Кричиневский әйелдерге шабуыл жасап, қарақшылық, тонау, зорлау және жеті жасар қызды өлтіргені үшін айыпталған. Тәртіп сақшыларының дерегінше, әртүрлі жастағы 11 әйел қарақшылық шабуылдың құрбаны болып, жарақат алғанымен тірі қалған. Ал мектеп оқушысы көз жұмған.

Кричиневский сол кездегі жазасын толық өтеп, босап шықты. Алайда шамамен екі жарым жылдан кейін ол қайтадан сот алдында жауап берді.

Войдите, чтобы оставить комментарий