Петропавлдағы «Солнечный-2» ықшам ауданының 200 үйіне жоғары жылдамдықты интернет тартылды

07.08.2026 14:11 Қарақат АСЫЛОВА
Петропавлдағы «Солнечный-2» ықшам ауданының 200 үйіне жоғары жылдамдықты интернет тартылды
11
Фото: Қазақтелеком

Петропавл қаласындағы «Солнечный-2» ықшам ауданында талшықты-оптикалық желі тарту жұмыстары аяқталып, 200 жер үй жоғары жылдамдықты интернетке қосылу мүмкіндігіне ие болды. Бұл туралы өңірдегі телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытып жатқан «Қазақтелеком» АҚ компаниясының мәліметінде айтылған.

Қазірдің өзінде жүзге жуық отбасы жаңа желінің игілігін көріп отыр. Олар үшін секундына 500 Мбит жылдамдықпен берілетін интернеттен бөлек, цифрлық телевизия мен ұялы байланыс қызметтері де қолжетімді болды.

Қалада байланыс сапасын арттыру жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Компания 2026 жылдың соңына дейін Петропавлда тағы үш нысан құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Соның нәтижесінде жаңа тұрғын үйлердегі 276 пәтер талшықты-оптикалық желіге қосылмақ.

Жалпы, 2026 жылдың басынан бері Петропавлда 395 үй шаруашылығы осындай заманауи желіге қосылған. Тұтынушылар арасында ең көп сұранысқа ие тариф «Bereket» деп танылды. Жаңадан қосылған абоненттердің үштен бір бөлігі дәл осы топтаманы таңдаған.

«Міндетіміз – тұрғындарды заманауи байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету ғана емес, бүгінгі және келешектегі қажеттіліктерге жауап бере алатын сенімді цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру. Біз өңірде барынша көп тұрғындардың сапалы интернетке қол жеткізуі үшін талшықты-оптикалық желіні кезең-кезеңімен кеңейтіп келеміз», – деді Бөлшек бизнес дивизионы Солтүстік өңірінің коммерциялық қызмет жөніндегі өңірлік директоры Алена Ляпунова.

Байланыс сапасының артқанын қарапайым тұрғындар да растап отыр. Жаңа желіге қосылған Носовтар отбасы қызметтің жылдамдығы мен ыңғайлылығына көңілдері толатынын жеткізді.

«Қосылғаннан кейін интернет сапасы едәуір жақсарды. Барлық құрылғылар тұрақты жұмыс істейді, жылдамдығы жоғары, ал қосылу процесі тез әрі оңай жүріп жатыр. Енді бүкіл отбасымызбен цифрлық сервистерді ешқандай шектеусіз бір мезетте пайдаланып жатырмыз», – деді Носовтар отбасы.

Талшықты-оптикалық желіні дамыту «Қазақтелеком» АҚ басты бағыттарының бірі саналады. Бұл жұмыстар еліміздің қалалары мен ауылдарындағы тұрғындарды сенімді әрі заманауи байланыспен қамту мақсатында әрі қарай жалғаса бермек.

Войдите, чтобы оставить комментарий