Президент әскери бөлімге сапар жасады

Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысы, Үштөбе қаласындағы қорғаныс істері жөніндегі бөлімге барып, әскери шақырылушылармен кездесті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
1983 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл нысан толық жөндеуден өтіп, қазан айында қайтадан пайдалануға берілген.
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Президентке Smart-әскери комиссариат жобасы туралы баяндады. Жаңа бастама аясында азаматтар автоматты түрде әскери есепке алынатын болады.
Министрдің айтуынша, жыл сайын 160 мыңнан астам 17 жастағы жасөспірім автоматты түрде әскери есепке қойылады. Сондай-ақ, мобилизациялық ресурстардың ақпараттық жүйесі әзірленген. Бұл цифрлық трансформация 16-дан 60 жасқа дейінгі барлық ер азаматты қамтиды. Бұрын қағаз жүзінде есепте 2,5 миллион азамат тұрса, цифрландырудан кейін олардың саны 6,8 миллионға жеткен.
Сонымен қатар, IT саласындағы білімі бар сарбаздар Armiakz атты ақпараттық қызмет әзірледі. Жоба тәрбиелік және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру үшін жасанды интеллект көмегімен әзірленген.
Президент шақырылушылармен сөйлесіп, оларға әскери қызметте табыс тіледі:
"Халыққа қызмет ету – бұл азаматтық борыш әрі қасиетті міндет. Әскери мансапта биік жетістіктерге жетіп, генерал болуларыңызға тілектеспін. Антқа адал болып, қызметті абыроймен атқарыңыздар," – деді Мемлекет басшысы.
Соңғы жаңалықтар





