Президент тапсырмасымен «Алматы – Қаскелең» тас жолы 8 жолаққа дейін кеңейтіледі
Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында «Алматы – Қаскелең» тас жолын 8 жолаққа дейін кеңейту жобасы талқыланып, құрылыс жұмыстарын 20 шілдеде бастау тапсырылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындардың үнемі көлік жүктемесіне қатысты айтатын шағымдарын ескеріп, аталған жолды кеңейтуді дереу бастауды бұйырған. Бұл туралы премьер-министр арнайы өткен жиында мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы Алматы қаласы мен оған іргелес елді мекендер тұрғындары тарапынан “Алматы – Қаскелең” жолындағы көлік қозғалысының жоғары жүктемесіне қатысты айтылып жүрген шағымдарға назар аударды. Президент жолды кеңейту жобасын дереу бастау туралы тапсырма берді. Мердігер осы аптаның соңына дейін қажетті техника мен жұмыс күшін жұмылдыруы қажет. Құрылыс жұмыстарын дүйсенбі, 20 шілде күні бастау керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы сапалы әрі барынша қысқа мерзімде орындалуы тиіс», – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, құрылысқа бөлінетін қаржы көлемі нақты бекітілген әрі оның негізсіз өсуіне жол берілмейді. Сонымен қатар ол мемлекет мұқтаждығына алынатын жер учаскелерінің бағасын қадағалау маңызды екенін ескертті.
«Жобаны жүзеге асыру мақсатында сатып алынатын жер учаскелеріне қатысты алыпсатарлыққа жол берілмеуі үшін олардың құнын кешегі, 14 шілдедегі жағдай бойынша белгілеу қажет», – деді Олжас Бектенов.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, Қазақстанның Даму банкі арқылы қаржыландырылатын жоба аясында Алматыдан Қаскелеңге дейінгі 8 шақырымдық автожол 8 жолаққа дейін кеңейтіліп, 2 жолайрық пен 9 жаяу жүргіншілер өткелі салынады. Осы ауқымды жұмыстардың нәтижесінде аталған учаскенің көлік өткізу қабілеті 2 есе артып, құрылыс 2027 жылдың желтоқсан айында толық аяқталады деп жоспарланған.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мегаполиске күн сайын 300 мың көлік кіретінін және шаһар ішіндегі темір тұлпарларды қосқанда жалпы қозғалыс көлемі 1 млн көліктен асатынын алға тартты. Оның мәліметінше, тәулігіне 60 мыңға жуық машина қатынайтын «Алматы – Қаскелең» бағыты агломерациядағы ең көп жүктеме түсетін жол саналады, сондықтан бұл мәселені шешу үшін Абай даңғылын Үлкен Алматы айналма тас жолына дейін ұзарту көзделген. Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев негізгі тас жолдағы кептелісті азайту мақсатында Ұзынағаш ауылынан басталатын 32 шақырымдық балама жол құрылысы басталғанын жеткізді. Қазіргі уақытта қос өңірде де құрылысқа қажетті жер мәселелерін шешу жұмыстары соңғы сатысында тұр.
Жиын барысында Алматы агломерациясының инфрақұрылымын дамытуға бағытталған өзге де шаралар талқыланып, «Алматы – Есік» және «Алматы – Талғар» бағыттарындағы жолдарды жөндеу мәселесі қаралды. Үкімет басшысы жиынды қорытындылай келе, қала мен облыс арасындағы көлік байланысын жақсарту, сондай-ақ рельсті көліктер мен метрополитенді дамыту бойынша жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырма берді.
Соңғы жаңалықтар