Президент тиісті құжат қабылдамай отырған салалық министрлікті сынға алды

03.12.2025 15:05 Арман Ермеков
Президент тиісті құжат қабылдамай отырған салалық министрлікті сынға алды
0
189
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік жүк авиахабтарын дамыту мәселелері жөнінде арнайы кеңес өткізді. Жиын барысында Президент қордаланған түйткілдерді шешуді кейінге қалдырып, тиісті құжаттарды қабылдамай отырған салалық министрліктің қызметіне қатысты сын айтты​​​​​, деп хабарлайды Politico.kz.

Жиын барысында Мемлекет басшысы әуежай қызметіндегі қазіргі баға саясатының ескіргенін айтты.

«Әуежай қызметіндегі қазіргі тариф саясатын қайта қарауға баса мән беру керек. Соңғы 10 жылда баға бір-ақ рет, яғни биыл ғана өсті. Тарифтерді ұстап тұру инфрақұрылымның тозуына әкеледі. Мұны тәжірибе анық көрсетті. Бағаны қайта қарау қалыптасқан жағдайды өзгертуге кепіл болуға тиіс. Сонымен қатар бағаның күрт көтерілуін болдырмау үшін оңтайландырылған тәсіл қолдану қажет. «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидатын енгізу алдағы жылдары саланы дамытудың негізгі шарты болуы керек. Қолайлы іскерлік орта құру – стратегиялық міндет. Инвесторларды мұқият тыңдаған жөн. Әуежайлардағы авиациялық емес қызметті шектен тыс реттеу көптеген түйткіл туындатып отыр. Конкурстар арқылы компанияларды іріктеу барысында бюрократиялық кедергі жасауды, келісімдердің мерзімін шектеуді тоқтату керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, жиында бірқатар стратегиялық мақсаттар айқындалды:

  • Географиялық артықшылық: Еліміздің қолайлы орналасуын пайдаланып, негізгі әуежайларда толыққанды авиахабтар құру – кезек күттірмейтін мәселе.
  • Жанармай тапшылығы: Президент авиаотын мәселесін түбегейлі шешуді міндеттеді.
  • Ұлттық тасымалдаушы: Таяуда елімізде Ұлттық жүк тасымалдаушы әуе компаниясы құрылмақ. Президент бұл бастаманы жан-жақты қолдау қажеттігін және саланы цифрландыруға баса назар аудару керектігін жеткізді.

Жиынға Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек және «Алматы халықаралық әуежайының» президенті Косе Гокер қатысып, есеп берді.

Сондай-ақ талқылауға Үкімет мүшелері – Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Энергетика министрлігінің өкілдері, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий