Психоаналитик: Ұрып-соғып, ертесі 17 миллионның бриллиантын алып беретіндер бар

02.09.2026 22:04 Томирис САҒЫНДЫҚ
Психоаналитик: Ұрып-соғып, ертесі 17 миллионның бриллиантын алып беретіндер бар
167
Фото: видеодан скриншот

Белгілі психоаналитик Анна Құдиярова отбасылық қарым-қатынастағы бұрмаланған құндылықтар, агрессияның себептері мен оның ұрпақтан-ұрпаққа берілу қаупі туралы өз пайымын білдірді. Маманның айтуынша, қымбат сыйлықтар мен материалдық байлық отбасындағы зорлық-зомбылықты жасыра алмайды, ал мәселені шешу әркімнің өз мінез-құлқын саралауынан басталуы тиіс, деп хабарлайды Politico.kz.

Маман бұл туралы Асмира Ермекқызына берген подкаста әңгімеледі. 

Психоаналитик отбасындағы материалдық құндылықтар мен шынайы мейірімнің айырмашылығына тоқталып, қымбат сыйлықтардың кейде садизм мен абьюзді жасыру тетігі ретінде қолданылатынын атап өтті.

«Тағы бір мәселе. Кейбір күйеулер 17 миллионның бриллиантын, 10 миллионның тонын өте жиі алып береді. Ол – жақсы көргендіктен емес. Клиенттерімнің арасында күйеуі ұрып-ұрып алады да, ертеңіне кешірім сұрап, 17 миллионның бриллиантын алып беретін жағдайлар бар. Сонда бұл махаббаттың белгісі ме? Керісінше, бұл – абьюзерлік пен садизм. Кеше ғана көгала қойдай сабап, бүгін қымбат сыйлық бергеннен не пайда? Сондықтан ең бастысы – ортақ тіл табу. Кішігірім сыйлық берсе де, сізге «жаным, күнim, айналайын, алтыным» деп тұрса, сол абзал емес пе? Ертең тағы да мейірім көрсетпейтін болса, бриллианттан не пайда? Отбасындағы зорлық-зомбылық – ұрпақтан-ұрпаққа айналып жүретін цикл. Әжесі боқтады, шешесі боқтады, қызы боқтайды, енді немересі де боқтайды. Атасы ұрды, ұлы ұрды, немересі де ұрады», – деді Анна Құдиярова.

Сонымен бірге, маман агрессия мен зорлық-зомбылық моделінің отбасы мүшелері арасында ұрпақтан-ұрпаққа автоматты түрде өтіп отыратынына назар аударды.

«Психологиялық тренингтерде: «Анаңыз сізді қандай үш сөзбен ұрысып, балағаттады? Ал сіздің тұңғышыңыз 10-15 жылдан кейін маған осындай тренингке келсе, сізден естіген қандай үш жаман сөзді айтып береді?» – деп сұраймыз. Бұл да – тікелей ұрпақтан-ұрпаққа өтетін нәрсе. Анаңыз сізді «оңбаған» деп ұрысса, сіз де бірінші қызыңызға «оңбаған» дейсіз. Анаңыз сізге «адам болмайсың» десе, сіз де бүгін тұңғышыңызға соны айтасыз. Әркім бұл зорлықты өз бойында тоқтатқанда өзгелерде де, бүкіл қоғамда да зорлық-зомбылық тыйылады», – деді психоаналитик.

Отбасылық және психологиялық тыныштыққа жетудің жолдарын ұсынған Анна Құдиярова өзгелермен салыстыруды тоқтатып, назарды жеке дамуға аудару қажеттігін айтады.

«Жақында Үндістанға тренингке баратын топты жинадым. Сөйтсем, Үндістанда да «жұрттың баласы» деген түсінік бар екен. Балаларын жамандағысы келсе: «Жұрттың баласы ондай, жұрттың баласы мұндай», – дейді. Бұл мәселенің шешімі – өзіңізді жұрттың баласымен салыстырмау. Жұрттың баласы әртүрлі. Біреудің 17 миллиондық бриллианты қандай бағамен келгені сізге беймәлім, сіз тек оның сыртқы жылтырын көресіз. Сондықтан ең басты кеңесім: әлеуметтік желілер мен телеарналарды көрмеуге тырысыңыз. Өзіңіздің өміріңіз, оқитын кітабыңыз, айналысатын хоббиіңіз, серуендейтін паркіңіз, кездесетін адамдарыңыз бар. Өзіңізді тек өзіңізбен салыстырыңыз. Кеше тек мектепте оқып жүрсеңіз, бүгін бакалавриатты бітірдіңіз. Кеше бакалавр болсаңыз, бүгін магистрсіз. Кеше жалғызбасты болсаңыз, бүгін отбасыңыз, балаңыз, күйеуіңіз бар. Осылай өзіңізді бұрынғы өзіңізбен салыстырсаңыз, күннен-күнге дамып келе жатқаныңызды байқайсыз», – деді Анна Құдиярова.

Войдите, чтобы оставить комментарий