Путиннің туған күні мен Әзербайжандағы саммит бір күнге түсті: Кездейсоқтық па?

Путиннің туған күні мен Әзербайжандағы саммит бір күнге түсті: Кездейсоқтық па?
08.10.2025 14:16
0
235
ФотоКоллаж: POLITICO.KZ

7 қазанда Әзербайжанның Габала қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммиті Ресей президенті Владимир Путиннің туған күнімен тұспа-тұс келіп, түрлі саяси талқылауларға негіз болды. Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Dalanews.kz агенттігіне берген сұхбатында бұл саммиттің мәні мен ықтимал саяси астары туралы түсініктеме берді.

Сарапшының айтуынша, саммиттің дәл осы күнге түсуі кездейсоқ жағдай. Оның пікірінше, Түркі мемлекеттері ұйымының жиындары дәстүрлі түрде күз айларында өтеді.

“Былтыр 6 қарашада Бішкекте ХІ саммит өтті , ал 2023 жылы 3 қарашада Астанада Х саммит ұйымдастырылған еді. Алғашқы саммит те 1992 жылы қазан айында Анкарада өткен. Демек, бұл — ұйымның қалыптасқан кестесі. Сондықтан мұны әдейі Ресейге қарсы жасалған белгі ретінде қарастыру негізсіз”, – деді саясаттанушы.

Дегенмен Майгелдинов ресейлік медиада саммит күнінің “саяси ишара” ретінде бағаланғанын жоққа шығармады. Оның айтуынша, түркі интеграциясының күшеюі мен ұйымның аймақтық ықпалының артуы — Ресейдің геосаяси орбитасынан біртіндеп алыстау үдерісін көрсетеді.

“Түркі мемлекеттерінің қазіргі бағыты: дербестік пен көпвекторлы дипломатияны күшейту. Бұл Қазақстанның сыртқы саясаттағы теңгерімдік ұстанымымен де үйлеседі. Қазақстан Ресеймен де, Қытаймен де, АҚШ-пен де теңгерімді саясат жүргізіп отыр. Президентіміз Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысып, жақында Ресейге мемлекеттік сапар жоспарлап отыр. Бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында да маңызды мәлімдемелер жасалды”, – деп атап өтті ол.

Саясаттанушы саммиттің қазіргі геосаяси жағдайдағы маңызына да тоқталды.

“Саммит өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздік тақырыбында өтті. Бұл тақырыптың таңдалуына да себеп бар: Ауғанстандағы тұрақсыздық, Иранға қатысты жаңа санкциялар бастамасы, Газадағы қақтығыстар және Ресей мен Украина арасындағы соғыстың жалғасуы. Осы факторлар түркі мемлекеттерінің ұйымын мәдени-гуманитарлық бағыттағы ұйымнан геосаяси және экономикалық ықпалы бар орталыққа айналдырып отыр”, — деп қосты ол.

Майгелдинов саммиттің геосаяси және экономикалық маңызын үш негізгі бағытта сипаттады.

Біріншіден, Түркияның Орталық Азиядағы стратегиялық ықпалының артуы. Инфрақұрылым, жұмсақ күш, ортақ идеология сияқты бағыттар арқылы Анкара аймақтың геосаяси балансын өзгертуде.

Екіншіден, Орта дәліз немесе Транскаспий халықаралық көлік маршруты бастамасы. Қазіргі санкциялар мен тұрақсыздық жағдайында бұл дәліз қауіпсіз, тиімді және бәсекеге қабілетті бағытқа айналып келеді.

Үшіншіден, Түркі мемлекеттері ұйымының әскери-саяси блок ретінде айқындала бастауы. Келесі жылы бірлескен әскери жаттығулар өткізу жоспарланған. Түркия — НАТО-ға мүше ел ретінде, ал Әзербайжан әскери әлеуеті мықты мемлекет ретінде осы бағытта белсенді. Сонымен қатар, Түркия компанияларының қатысуымен Қазақстанда да қорғаныс зауыттары ашу жоспарланып отыр. Бұл да түркі интеграциясының нығайып келе жатқанын көрсетеді”, — дейді саясаттанушы.

Сондай-ақ ол Түркі мемлекеттері ұйымы мәдени-гуманитарлық бірлестіктен экономикалық және геосаяси ықпалы бар аймақтық блокқа айналып келе жатқанын атап өтті.

“Қазақстан үшін бұл ұйым көпвекторлы саясатты сақтауға, экономикалық әртараптандыруға және аймақтық дербестікті нығайтуға мүмкіндік береді. Түркі инвестициялық қорының құрылуы, көлік дәліздерінің дамуы және өнеркәсіптік ынтымақтастық – барлығы ұйымның институционалдық тұрғыдан нығайғанын көрсетеді”, – деді Қазбек Майгелдинов.

Сарапшының пайымдауынша, ұйымның болашағы оптимистік болғанымен, күрделі факторлар да жоқ емес. Оның сөзінше, Ресей, Қытай және Иран секілді ірі ойыншылардың мүдделері аймақтағы түркі интеграциясының бағытына ықпал етуі мүмкін.

“Түркі мемлекеттері ұйымының табысты болуы әрбір мүше елдің теңгерімдік саясатына байланысты. Егер алдағы 5-10 жылда осы бағыттағы институционалдық қадамдар жүйелі түрде жүзеге асса, ұйым аймақтағы ықпалды және дербес ойыншыға айналады”, – деді саясаттанушы.

Дереккөз: DALANEWS

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий