Қалыңдығына барған жігітті ұрып өлтіргендерге сот үкімі шықты

Қалыңдығына барған жігітті ұрып өлтіргендерге сот үкімі шықты
29.09.2025 10:41
0
409
Азиз Құралбаев пен оның анасы

Қалыңдығына барған жігіттің өліміне қатысты үкім оқылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы.

Түркістан облысында 30 жастағы Азиз Құралбаевтың өліміне қатысты шулы іс бойынша сот үкімі шықты. Көрші ауылдағы қалыңдығына барған жігітті бір топ адам соққыға жығып, салдарынан ол үш айдан кейін комада жатып көз жұмған еді.

Қайғылы оқиға қалай болған еді?

Қайғылы оқиға өткен жылдың 11 қарашасында Мақтаарал ауданында болған. Қоңырат ауылының тұрғыны Азиз Құралбаев көрші ауылдағы қалыңдығына кездесуге барады. Туыстарының айтуынша, Азиз ешкімге зияны жоқ, момын, көпшіл жігіт болған.

Сол күні ол үйіне қайтып келе жатқанда, жолын бірнеше жас жігіт тосып, «біздің қыздарға неге келіп жүрсің?» деп сөзге тартқан. Азиз кетіп қалмақ болғанда, олар оны қуып жетіп, көліктен сүйреп шығарып, ауыл шетінде соққыға жыққан. Жәбірленуші қашпақ болған кезде, сотталушылардың бірі Мықтыбек оны қуып жетіп, басынан бірнеше рет тепкен. Бас-миынан ауыр жарақат алған Азиз есінен танып қалған.

Алты жігіт алдымен ес-түссіз жатқан Азизді далада қалдырып кетпек болады, бірақ кейін ауруханаға өздері жеткізген. Дәрігерлердің көмегіне қарамастан, Азиз комаға түсіп, үш айдан кейін ауруханада қайтыс болды.

Сот қандай үкім шығарды?

Бұл іс бойынша алты адамның төртеуі сотқа тартылды. Сот басты күдікті Ақназар Жеңісұлы Мықтыбекті «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша кінәлі деп тауып, 8 жылға бас бостандығынан айырды.

Қалған үш сотталушы «Бұзақылық» бабы бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысы 3 жылға сотталды.

Жаза қалай жеңілдеді?

Бастапқыда сотталушылардың біріне де «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша айып тағылған болатын. Алайда, дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты оның ісі «Бұзақылық» бабына ауыстырылған.

Үш жылға сотталған үшеуіне де рақымшылық туралы заң қолданылған. Сонымен қатар, олардың тергеу изоляторында өткізген әрбір күні бір жарым күн болып есептеледі.

Марқұмның туыстары соттың бұл шешімімен келіспейтіндерін білдірді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий