Қара бетперде киген жігіт жетім қалған бес балаға баспана сыйлады
Ата-анасынан айырылып, баспанасыз қалған бес балаға қара бетперде киген жұмбақ жігіт пәтер сыйлады, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол сонымен қатар ауыр дертке шалдыққан жеті жасар үйдің кенжесінің емін толық өз мойнына алған. 15 жастағы Дариғаның отбасында бес бала бар. Олардың әкесі жүрек ауруынан көз жұмса, анасы үш ай бұрын қатерлі ісіктен қайтыс болған.
«Ата-анамызды қатты сағынамыз. Олардың орнын ешкім баса алмайды. Анамыз қайтыс болғаннан кейін кішкентай сіңліміз қайта-қайта “Анам қайда? Анамды көрсетіңдерші” деп сұрай беретін. Біз оған не айтарымызды білмейтінбіз. Кейде адамдардың “Бұлар жетім қалды, ата-аналары жоқ” деген сөздерін естимін. Мұндай сөздер жүрекке қатты батады», – дейді Дариға.
Отбасының жағдайын «апластикалық анемия» дертіне шалдыққан кенже қыздың жағдайы одан сайын қиындата түскен. Балалардың тағдырын естіген қайырымды жан оларға жаңа баспана кілтін табыстап, кішкентай қыздың толық емделуіне көмектесетінін жеткізді.
«Дариға, қарындасым, Алланың қалауымен бүгін өмірлеріңізде жаңа кезең басталады. Бұйыртса, сіңліңіз толық ем қабылдайды. Сондай-ақ бүгіннен бастап өз баспаналарыңыз бар», – деді бетперде киген жігіт.
Желі қолданушылары қайырымды жанның бұл әрекетіне ризашылық білдіріп, балаларға қолдау көрсетіп жатыр.
Соңғы жаңалықтар