Әнші Қарлығаш Сұлтанша: Балам ауырғанда ешкім қасымнан табылмады

15.07.2026 20:41 Томирис САҒЫНДЫҚ
Әнші Қарлығаш Сұлтанша: Балам ауырғанда ешкім қасымнан табылмады
47
Фото: видеодан скриншот

Белгілі әнші Қарлығаш Сұлтанша өмірінің ең ауыр да сындарлы кезеңі туралы әңгімеледі. Шарасыздық қысқан сәтте бауыр еті баласының денсаулығы үшін Стамбұл асып, ем іздеп кеткен өнер иесі сол жақта қаржылай үлкен тығырыққа тірелгенін жасырмады. Жаһанды жайлаған карантин кесірінен әншінің күнкөріс көзі болған өнер мектебі, жоспарланған байқаулары мен бүкіл кәсібі бір сәтте тоқтап қалған. Сынақпен бетпе-бет келген шақта желідегі жанашыр оқырмандары оған дәл сол уақытта Түркия төрінде жүрген өзге де қазақстандық өнер жұлдыздарынан көмек сұрауға кеңес берген, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол журналист Айнұр Асанбердіге берген сұқбатында айтты.

«Балаңыз ауырған кезде қасыңыздан ешкім табылмады дедіңіз ғой?» — деп сұрады Айнұр Асанберді.

«Иә, ешкім табылған жоқ. Бұл жердегі басты мәселе — менің білімсіздігімнен болды. Өйткені бұрын көптеген әнші біздің үйге келіп жүретін. Студиямыз үйде болғандықтан, барлық өнер адамдары сонда жиналып, ән жазатын. Мен де келген қонақтарды есіктен төрге дейін күтіп, түн ортасы ауса да ыстық самса пісіріп, тамағымды әзірлеп, бәрінің жағдайын жасауға тырысатынмын. Олармен шүйіркелесіп, сырласып отырғаннан кейін «бәрі өз адамдарым» деп қабылдаппын. Балам ауырғанда, Стамбұлға бару мүмкін емес нәрсе болды. Мен бұған дейін де айтып жүрмін, енді қысқа қайырайын. Оған дейінгі бизнестерім, той, музыкалық мектебім мен конкурс ұйымдастыру жұмыстарымның бәрі карантинге байланысты тоқтап қалған еді. Осындай шақта балама көбірек көңіл бөлуім керек болды, ол Стамбұлда химия терапиясын алып жатты. Сол уақытта біздің әншілер де Стамбұлға келіп-кетіп жүрді, Айнұр Тұрсынбаева әпкеміз «колбаса» ашып, соған келіп жүрді. Мен тек солармен хабарласып, «Қарлығаш барлығы жақсы болады» деген бір ауыз жылы сөз, қолдау естігім келді. Мен Алладан ешкімге алақан жайғызба, маған тек қызмет бер, мен сол қызметті жасауға дайынмын деп сұрайтынмын. Бірақ олардың маған уақыты болмады, өзге нәрселерге уақыт тауып жүргендерін көрдім. Үйіме келіп, сыйлас болып жүрген адамдар қиналғанда қасымнан табылады деп үміттенген екенмін. Барлық процесті халықпен бөлісіп отырдым. Халық: «Сол жақта Айнұр әпкеңіз бар, басқа да қыздар жүр ғой. Бәріне көмектесіп, жол көрсетіп жатыр, сол кісілерге неге бармайсың? Қайша Керейге неге бармайсың? Қаншама актерлерді күтіп алып, шығарып салып жатыр. Саған неге көмектеспейді» — деп жазып жатты», — деді Қарлығаш Сұлтанша.

Шарасыздық қысқан сәтте ол өнердегі бауырластық пен қолдаудан үміт үзбей, белгілі продюсер Ерғали Әбдірайымовқа хабарласып, көмек сұраған. Алайда, продюсер дәл сол уақытта «әншілердің өзінде де ақша жоқ» екенін айтқан.

«Кейін басқа аналармен бірге отырғанда біреуі аспаз екенін, енді бірі полицияда істейтінін және олардың қиналғанда қолдайтын өз ұжымдары бар екенін айтты. Сонда маған ой келді: «Бізде де өнер ұжымы бар емес пе?» — деп. Енді ғана әншілікті бастап жүрген кезіміз болған. «Менің ұжымым осыншама ақша жинап берді, мен сұраған жоқпын» деп жатқан кезде ұжым туралы ой еске түсті. Күйеуіме: «Қуаныш, біздің де ұжымымыз бар ғой, соларға жазып көрейікші», — дедім. Біздің 1,5 мың әнші отыратын үлкен чатымыз бар болатын. «Сол жаққа жазайын ба?» — деп сұрады. Мен: «Жоқ, жазбашы, құрсын» — деп, сосын өнер ортасында жүрген Ерғали Әбдірайымов ағамызға хабарласуын өтіндім. Ол кісі бұған дейін де талай игі істердің басы-қасында жүрген еді. Бірақ Қуаныш хабарласқанда, ол кісі: «Әншілерде ақша жоқ қой, қайдан», — деп жауап беріпті. Карантин кезінде бәрі оттегі аппараттарына ақша жинағыш болып кетті, карантин кезі еді. «Барлығы оттегіге ақша жинап жатыр, сол кезде ешкім ақша шығара алмады» деп айтты. Содан кейін мен де «Қуаныш, сұрамай-ақ қой» дедім. Мен ең болмаса бес-алты адамнан көмек сұрап көрсе, қоры болса, бере тұрса екен деп ойладым. Ертең сол көмектің орнына қызметіңді жасап берерсің, тіпті қайтара алмаған күннің өзінде сенен бір ән болсын алады ғой, сол сала ғой деген ой болды. Бірақ ешқандай әншіден көмек болған жоқ», — деді әнші.

Бұған қарамастан, өнер иесі дәл сол сәттегі қиын жағдайдың өзіне тигізген пайдасы орасан зор болғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл сынақ оның өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертіп, ішкі күш-жігерін оятуға және өзгеге жаутаңдамай, тек өз-өзіне сенетін мықты тұлға болып қалыптасуына жол ашқан ең құнды өмірлік сабақ болған.

 «Сол кезде мен біреуден үміттеніп қалғанымды түсіндім. Қазір мен сол адамдардың бас тартқанына, көмектеспегеніне Аллаға ризамын, рақмет айтамын. Өйткені сол жағдай менің тұлға болып қалыптасуыма, мықты болуыма септігін тигізді. Өзгелерден күту өзімнің білімсіздігімнен болды. Сондықтан мен сияқты біреуден көмек күтіп, «мынадай туысым, досым немесе ұжымым бар ғой» деп отырмаңыздар. Әркім өз мықты тұсын тауып, өз алдына тұлға, жеке бренд болуы керек. Бренд болу дегеніміз — адамдар сенің кәсібіңді еске алғанда, ең бірінші сенің есіміңді атап, қызметіңді қымбат бағаға сатып алуға дайын болуы», — деді Қарлығаш Сұлтанша.

Войдите, чтобы оставить комментарий