QARMET-тен 1,5 миллиард теңге жымқырған банда сотталды
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «QARMET» АҚ-ға 1,5 млрд теңгеден астам залал келтірген ұйымдасқан қылмыстық топтың 13 мүшесін соттады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Қарағанды облысының прокуратурасы мәлімдеді. Сот үкімі 2026 жылғы 10 тамызда шықты. Айпталушылар ақша жымқырып, қылмыстық топқа қатысқаны үшін кінәлі деп танылды.
Қылмыстық схема 2021 жылғы қаңтардан 2023 жылғы желтоқсанға дейін жұмыс істеген. А. есімді сотталушының басшылығымен топ мүшелері кәсіпорынға металл сынықтарын тасымалдауды ұйымдастырған. Алайда теміржол вагондарына сапалы металдың орнына негізінен шлак, құм, қиыршық тас, топырақ пен басқа да металл емес қоспалар тиелген.
Схемаға қатысушылар өзара рөлдерді алдын ала бөліп алған. Бір топ мүшелері вагондардың кәсіпорын аумағына кедергісіз өтуін және жүкті тез түсіруді қамтамасыз етті. Басқалары құжаттардағы қоқыс көрсеткішін жасанды түрде төмендетіп отырған. Заңсыз әрекеттердің салдарынан компанияға 1 млрд 503 млн 954 мың теңге шығын келді.
Қарағанды облысы прокуратурасының мемлекеттік айыптаушылары сотта дәлелдемелердің жан-жақты зерделенуін қамтамасыз етті. Айыптау тарапының ұстанымына сәйкес сот қылмыстық жолмен алынған мүлікті мемлекет кірісіне айналдыру туралы шешім қабылдады. Тәркіленген автокөліктер, жылжымайтын мүлік пен банк шоттарындағы қаражаттың жалпы құны шамамен 1 млрд теңгені құрайды.
Сонымен бірге сот «QARMET» АҚ-ның талабын қанағаттандырды. Сотталғандардан келтірілген шығынды өтеу үшін ортақ тәртіппен 803 млн 954 мың 694 теңге өндірілетін болды.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Қарағанды облысының прокуратурасы мемлекет пен өңір кәсіпорындарының мүдделерін қорғау жұмысын жалғастырып жатыр.
Соңғы жаңалықтар