Қаржыгер бір банк арқылы шетелге аударылған 7 трлн теңгеге қатысты пікір білдірді

02.06.2026 12:38 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қаржыгер бір банк арқылы шетелге аударылған 7 трлн теңгеге қатысты пікір білдірді
76
Фото: © Абзал Бахытжанов / Politico.kz

Белгілі қаржыгер Расул Рысмамбетов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық банктердің бірі арқылы көрші елден 7 трлн теңгенің күмәнді жолмен аударылғаны туралы мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Биылғы 28 қаңтарда президент Қаржылық мониторинг агенттігі басшысының баяндамасына сүйеніп, 2025 жылы бір ғана отандық банк арқылы өзге мемлекеттерге 7 трлн теңгеден астам қаражат аударылғанын және мұндай алаяқтық схемалардың әлі де көп екенін айтқан болатын. Кейінірек президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров бұл ақпараттың толық тексерілгенін әрі нақты екенін растаған еді.

Бұл жағдайға қатысты пікір білдірген Расул Рысмамбетов төрт айлық тексеруден кейін ешқандай қаржы ұйымына ірі көлемде айыппұл салынбағанын алға тартып, отандық банк жүйесінің таза әрі сенімді екенін атап өтті.

«Есірткі ақшасын жылыстату немесе клиенттерге қатысты кейбір құқық бұзушылықтар бойынша қылмыстық істер бар екені рас, дегенмен бір банк арқылы 7 трлн теңге аудару деген бұрын-соңды болмаған жағдай, сондықтан отандық банктерді белсенді тексерген құзырлы органдардың кәсібилігіне күмәнім жоқ», – деді сарапшы.

Сонымен қатар қаржыгер Қазақстан мен Ресей арасындағы қалыпты сауда байланыстары жалғасып жатқанын, тіпті халықаралық брендтер санкцияға ілікпеген тауарларын отандық нарық арқылы өткізіп отырғанын қоса кетті. Биыл банк секторында ірі келісімдер жалғасатынын болжаған ол нарықтағы белгісіздіктерге қарамастан қазақстандық банктерде ақша сақтау толығымен қауіпсіз екенін жеткізді.

Войдите, чтобы оставить комментарий