"Шойын қазанмен ұрған": Алматыда ер адам әйел мен оның алты жастағы қызын өлтірген
Алматыда әйел мен оның 6 жастағы қызын асқан қатыгездікпен ұрып өлтірген айыпталушыға қатысты сот үкімі шықты. Бұған дейін де қылмысы үшін сотталған ер адам бұл жолы өмір бойы бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Сотталушы мен марқұм Ақбота Үсербай небәрі алты ай ғана таныс болған. Биыл 5 қыркүйекте екеуінің арасындағы жанжал қанды қылмысқа ұласқан. Ашу үстінде ер адам ас үйдегі шойын қазанмен әйелді баласының көзінше өлімші етіп сабапты. Ауыр жарақат алған әйел сол түні ауруханада көз жұмған. Медициналық сараптама марқұмның ашық бас-ми жарақатын алғанын, бас сүйегінің бірнеше жерден сынғанын, миына қан құйылғанын растады.
Сот барысында жәбірленуші тараптың өкілі Асқар Бейсембаев қайғылы оқиғаның қалай өрбігенін баяндады. Оның айтуынша, Ақбота мен Ерболқызы Көркем анасы үшеуі демалыс орны – Апортқа барған. Кейін олар үйлеріне қайтып келген кезде арттарынан Чалтабаев еріп келген. Сол жерде араларында жанжал туындаған.
Асқар Бейсембаев бұл сәтті былай сипаттады.
«Ол газдың үстінде тұрған қазанмен Ақбота мен Көркемді соққыға жыққан. Алынған саусақ іздері бойынша жүргізілген сараптама қазан үстіндегі іздер Чалтабаевқа тиесілі екенін анықтады» деді ол.
Айыпталушы мұнымен тоқтамаған. Тергеу деректеріне сәйкес, ол марқұмның зейнеткер анасына да бірнеше рет соққы жасап, есінен тандырған. Әйел ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізіліп, бірнеше отадан кейін ғана аман қалған. Қанды оқиға кезінде барлық жағдайды көзімен көрген жалғыз куәгер – 6 жастағы қыз да аяусыз соққыға жығылған. Ол да сол темір қазанмен бірнеше рет ұрылған. Ауыр жарақат алған Көркем бірнеше күн бойы есін жимастан көз жұмды.
Марқұмның анасы Ажар Сламова сотта жан тебірентерлік сөз айтты.
«Өмірімнің мәні еді екеуі. Екеуінен айырылып, қазір не істеп, не қойып жүргенімді білмеймін. Көркемді өте жақсы көретін едім. Көркемдей немере бола ма, болмай ма, білмеймін» деді ол көз жасын тыя алмай.
Ол қызының тағдырына түскен қасіретті де еске алды.
«Бұл менің қызымның өмірінде кездескен зұлым адам болды. Оның қандай екенін білмеген. Қолындағы қазанмен мені де ұрды. Сол сәтте қызымның жерде жатқанын көрдім. Немерем тығылып тұрған екен» деп күйзелісін жеткізді марқұмның анасы.
Іс материалдарында тағы бір қылмыстық эпизод тіркелген. Баланың шыңғырған дауысын естіген пәтер иесі есікті қағып, не болғанын білмек болған. Алайда айыпталушы қылмысын жасыру үшін оны да темір қазанмен маңдай тұсынан ұрып, есінен тандырған. Кейіннен қанға боялған қазан Медеу ауданындағы тұрғын үйлердің бірінің қақпасы маңында жасырылғаны анықталған.
Жәбірленуші Әсем Исаханова сол сәтті былай еске алды.
«Ол маған “бәрі жақсы, бара беріңіз” деді. Мен кетпеймін, полиция шақырамын дедім. Балам кілт әкелуге кетті. Сол кезде қолындағы қазанды көрдім, іші қан-қан болатын. Таңданып қарап қалғанымда басыма қатты соққы тиді де, есімнен танып қалдым» деді ол.
Соңғы сөзінде сотталушы өзіне тағылған айыптарды толықтай жоққа шығарып, қылмыс жасамағанын мәлімдеді. Алайда сараптама қорытындысы қанға боялған темір қазанда Боралхан Чалтабаевтың саусақ іздері табылғанын дәлел ретінде көрсетті.
Мемлекеттік айыптаушы Боралхан Чалтабаевты аса қатыгездікпен екі немесе одан да көп адамды қасақана өлтірді және адам өлтіруге оқталды деп айыптады. Сот үкімін шығарған судья Бақытжан Бәкірбаев оны өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.
Судья үкімді жариялау кезінде былай деді.
«Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі бойынша Чалтабаевқа өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 58-бабының 4-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы негізінде неғұрлым қатаң жаза белгіленсін».
Соңғы жаңалықтар