Қазақмыс кен орындарындағы машиналары мен құралдарын жаңартып жатыр

03.08.2026 10:36 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақмыс кен орындарындағы машиналары мен құралдарын жаңартып жатыр
72
Фото: KAZAKHMYS

«Қазақмыс» корпорациясы кеніштердегі тау-кен жабдықтарының сенімділігін арттырып, техниканы күрделі жөндеуден өткізу үшін қосымша 6,7 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл қаражат негізінен техниканың бөлшектерін қалпына келтіруге және кәсіпорындарды қосалқы саймандармен қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Бөлінген соманың 1,463 млрд теңгесі ағымдағы жөндеуге жұмсалса, қалған 5,313 млрд теңгесі өздігінен жүретін жабдықтардың негізгі тораптарын толықтай жаңартуға тиесілі. Осылайша компания тау-кен өндірісі процесінің үзіліссіз әрі қауіпсіз өтуіне барынша жағдай жасамақ.

Қаржының басым бөлігі – жалпы көлемнің 77 пайызын құрайтын 5,2 млрд теңге тікелей Жезқазған өңіріндегі кәсіпорындарға тиесілі. Бұдан бөлек Балқаш аймағына 835 млн теңге, ал Қарағанды өңіріне 725 млн теңге қарастырылған. Қаражатты бөлу кезінде әр өңірдегі өндірістік жүктеме мен пайдаланылатын техниканың нақты саны қатаң ескерілгенін айта кету керек.

Жаңарту бағдарламасы аясында барлығы 216 жабдық торабын қалпына келтіру жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 28-і толық жөндеуден өтіп, 15 торап жаңасына ауыстырылса, тағы 80 бөлшекке арнайы тапсырыс берілді. Бұған қоса 124 торапқа қатысты жұмыстар қолданыстағы келісімшарт аясында жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары белсенді кезеңге өтіп, жоспарланған қаржының 1,216 млрд теңгесі игерілді, ал қалған қаражат жыл соңына дейін бөлшектер қорын толықтыруға жұмсалады.

Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығындағы қорытынды бойынша корпорация паркінде 747 тау-кен техникасы бар. Жабдықтардың техникалық дайындық коэффициенті жоспарға сай 0,84 деңгейінде сақталып тұр. Корпорация өкілдерінің сөзіне қарағанда техниканың сенімділігін арттыру өндірістік активтерді жаңартудағы басты бағыт саналады және бұл жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғаса бермек.

Войдите, чтобы оставить комментарий