Қазақмыс Жезқазғанда ең мықты мамандарына наградалар табыстады
Жезқазған қаласында Металлургтер күніне орай «Қазақмыс» компаниясының 70-тен астам қызметкеріне адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен саланың өңір экономикасы үшін басты қозғаушы күш екенін айтып, қазіргі таңда кен өндіру ісінде бес мыңнан астам адам еңбек етіп жүргенін ерекше атап өтті.
«Ұлытау – қазақ мемлекеттігінің алтын бесігі, ұлттың ұясы, киелі мекен. Өңір үшін металлургия саласының орны ерекше. Кен балқыту ісі – экономиканың негізгі қозғаушы күші, драйвері. Еліміз үшін металлургия саласының орны ерекше. Облысымыз үшін бүгінгі күннің орны бөлек. Себебі Жезқазғанда, осы салада, кен өндіру ісінде 5 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Яғни осыншама азамат өмірінің мағыналы сәттерін маңызды іске арнап келеді. Баршаңызды бүгінгі кәсіби мерекелеріңіз – Металлургтер күнімен шын жүректен құттықтаймын», – деді Есет Байкен.
Өз кезегінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков компанияның өндіріспен қатар аймақты дамытуға да жүйелі түрде қаражат бөліп отырғанына назар аударды.
«Бүгінде біз заманауи қоғамдық кеңістіктерді, білім беру, мәдени және әлеуметтік нысандарды салып, бүгінгі және болашақ ұрпақтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап келеміз», – деді Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Бұл ойды корпорацияның Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі де жалғастырып, кәсіпорынның саладағы көшбасшылығы ең алдымен өз ісіне берілген еңбекқор мамандардың арқасы екенін айтты. Ол жиналғандарға компания құрылтайшысы Нұрлан Артықбаевтың арнайы құттықтауын жеткізе отырып, алдағы жоспарлармен бөлісті.
«Алғашқы күннен бастап менің және командамның басты ұстанымы – сөзден гөрі іске басымдық беру, нақты нәтижеге қол жеткізу. Биылғы күздің өзінде алғашқы әлеуметтік жобалардың жүзеге асқанын көресіздер. Алдағы уақытта да «Қазақмыста» еңбек етуді барынша жайлы, қауіпсіз әрі беделді ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деді Руслан Өскенәлі.
Жиын барысында «Kazakhmys Smelting» ЖШС Бас директоры Жәнібек Байғабелов мыс қорытушылардың ерен еңбегін жоғары бағалады. Оның сөзіне қарағанда, мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде компания түсті металлургия саласындағы көшбасшылық орнын сақтап, катодты мыстың халықаралық 99,99% тазалық стандартын тұрақты түрде қамтамасыз етіп отыр.
Металлургтер күні Жезқазған қаласы мен Ұлытау облысы үшін басты әрі тарихи мерекелердің бірі саналады. Қазіргі таңда «Қазақмыс» компаниялар тобы өндірістік қауіпсіздікті арттырып, заманауи технологияларды енгізумен қатар, аймақтың өсіп-өркендеуіне бағытталған маңызды әлеуметтік жобаларды тұрақты жүзеге асыруды жалғастырып келеді.
Соңғы жаңалықтар