Қазақстан бухгалтерлері салық реформасына алаңдап, Тоқаевқа жүгінді

Қазақстан бухгалтерлері салық реформасына алаңдап, Тоқаевқа жүгінді
21.03.2025 14:22
0
153
shutterstocks
Бухгалтерлер жаңа салық кодексінен қауіптенеді

Қазақстан бухгалтерлері мен аудиторларының альянсы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық үндеу жолдады. Олар жоспарланған салық реформасының шағын және орта бизнеске ауыр соққы болуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды POLITICO.KZ ORDA арнасына сілтеме жасап.

Атап айтқанда, ҚҚС (НДС) шегінің 15 млн теңгеге дейін төмендеуі және оның ставкасының өсуі бухгалтерлер мен кәсіпкерлер арасында үлкен алаңдаушылық тудырып отыр.

– Бұл шаралар кәсіпкерлерге ауыр тиюі мүмкін, бухгалтерлердің жетіспеушілігін туғызып, көптеген бизнес субъектілерінің жабылуына алып келеді, – делінген халықаралық «Алтын Орда» бизнес-клубының YouTube-арнасында жарияланған үндеуде.

Альянстың мәліметінше, елде 2 миллионға жуық кәсіпкер тіркелген, ал кәсіби бухгалтерлердің саны – бар болғаны 300 мың. ҚҚС шегінің төмендеуі тіпті бұрын жеңілдетілген режимде жұмыс істеген шағын кәсіпкерлердің өзі күрделі салық жүйесіне тартылатындығын білдіреді.

– Бұл жай ғана қиындық емес, бұл – апат. Егер бұл реформа күшіне енсе, бухгалтер тапшылығы 500 мың адамнан асады. Есепті кім жүргізеді? Бұл жүктемені кім көтереді? Бизнестің мұны көтере алмайтыны анық, – деді бухгалтерлер одағының өкілдері.

Сондай-ақ олар соңғы жеті жылда Қазақстанда салық кодексі жүздеген рет өзгергенін еске салды. Бұл бизнесті ұзақмерзімді жоспарлаудан айырады.

– Біз жаңа салық кодексі жыл сайын өзгермей, тұрақты жұмыс істеуін қалаймыз. Бизнеске болжамдылық қажет, ал тұрақсыздық кері әсер етеді, – делінген үндеуде.

Альянс өкілдері Мемлекет басшысынан экономиканың дамуына мүмкіндік беретін, ал жұмыс орындарын қауіпке тікпейтін әділ шешім қабылдауды сұрады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий