Қазақстан өңірде бірінші болып NVIDIA негізінде екі суперкомпьютерді іске қосты

28.05.2026 22:00 Батырбек Сулеймен
Қазақстан өңірде бірінші болып NVIDIA негізінде екі суперкомпьютерді іске қосты
10
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық сессиясында Қазақстанның цифрлық трансформациядағы жаңа жетістіктері мен ауқымды жобалары туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Президенттің сөзіне қарағанда еліміз барлық қажетті инфрақұрылымды жедел дамытуды қолға алып, өңірде бірінші болып әлемдік көшбасшы саналатын NVIDIA компаниясының озық технологиялары негізінде екі суперкомпьютерді іске қосқан. Сонымен қатар жаһандық капитал мен әлемдік технологиялық алпауыттар үшін тартымды ортаға айналып үлгерген деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құру басты міндет ретінде жарияланып отыр.

Бұдан бөлек мемлекет адами капиталға да қомақты қаржы құйып жатыр. Мәселен, халықаралық Alem.ai орталығы жанынан жаңа буындағы Tumo және Tomorrow school мектептері ашылып, әлемге танымал Telegram мен Presight компанияларының зертханалары өз жұмысын бастады. Бұл бағыттағы инновациялық қадамдар білім беру саласын да тікелей қамтиды.

«Екі апта бұрын Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Мақсатымыз – дербес білім беруге ден қоя отырып, педагогтердің біліктілігін арттыру, инфрақұрылым мен оқу стандарттарын дамыту», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында Мемлекет басшысы еліміздің жедел әрі сапалы цифрлық трансформацияны жүргізу мақсатында Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы мемлекеттермен серіктестік пен ынтымақтастық орнатуға әрдайым ашық екенін атап өтті.

Войдите, чтобы оставить комментарий