Қазақстанда 522 мың адам байлар санатына жатқызылған

14.10.2026 • 14:19 Қанат АЙБАР
Қазақстанда 522 мың адам байлар санатына жатқызылған
205
Фото: magnific.com

Қазақстанда 522 мыңға жуық адам ауқатты азаматтар санатына жатқызылған. Оның 70 мыңнан астамы тұрмысы жоғары деңгейдегі азаматтар деп есептеледі. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Құрылтайдағы баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналистер министрден мемлекеттік жәрдемақы тағайындау кезінде азаматтардың тұрмыстық жағдайы қалай бағаланатынын және әр санатқа қанша адам кіретінін сұраған.

Жұманғариннің айтуынша, 522 мыңға жуық адам А және B санаттарына жатады. Оның 70 мыңнан астамы – А санатында, қалғандары – B санатында.

«Қателеспесем, 522 мың адам. Оның 70 мыңнан астамы А санатына, қалғандары B санатына кіреді. Әр адамға тиісті хабарлама жіберіледі. Қателік болмауы керек. Егер қателессек, мемлекетке емес, азаматтың пайдасына шешкеніміз дұрыс», – деді министр.

Азаматтар қандай санаттарға бөлінеді?

Жаңа жүйе бойынша қазақстандықтардың тұрмыстық жағдайы 5 санатпен бағаланады:

  • А санаты – табысы жоғары, мүлкі мен басқа да активтері бар азаматтар;
  • B санаты – тұрақты табысы бар, тұрмысы жақсы азаматтар;
  • C санаты – тұрмысы қанағаттанарлық, бірақ қаржылық мүмкіндігі шектеулі азаматтар;
  • D санаты – табысы төмен, қаржылық қиындық көріп жүрген азаматтар;
  • E санаты – әлеуметтік және экономикалық жағдайы өте төмен азаматтар.

Алайда министр орташа табысы бар отбасының нақты қай санатқа жататынын бірден айту мүмкін емес екенін жеткізді.

«Білмеймін. Бұл әр отбасының жағдайына байланысты. Бір рет анықталып, өзгермейтін нәрсе емес. Шамамен 30 ақпараттық жүйе қолданылады. Деректер апта сайын дерлік тексеріліп, ай сайын жаңартылып отырады», – деді Жұманғарин.

Жәрдемақы төлеу тәртібі өзгереді

Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау тәртібі өзгереді.

Енді әлеуметтік көмек беру кезінде отбасының табысы мен мүліктік жағдайы ескеріледі. Өзгерістер кейбір жәрдемақыларға, сондай-ақ жерлеуге берілетін біржолғы төлемге де қатысты болады.

Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов мемлекет көмекті өзін қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға ғана беруі керек екенін айтқан.

Жаңа тәртіп бойынша А және B санатына жатқызылған азаматтарға белгіленген тізімдегі жәрдемақылар төленбейді. Ал тұрмысы нашарлаған жағдайда отбасының санаты қайта қаралып, төлем қалпына келтірілуі мүмкін.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий