Қазақстанда кімдер пойыз билеттерін жарты бағаға сатып ала алады

Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен оларды алып жүретін тұлғалар үшін пойыз билеттеріне 50% жеңілдік қарастырылмақ. Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау ережелеріне өзгерістер енгізуді ұсынып, әлеуметтік қолдау шараларын кеңейтуді көздеп отыр.
"Атап айтқанда, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларды алып жүретін жандарға пойыз билеттеріне 50% жеңілдік беру ұсынылуда", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар азаматтардан пойызға міну кезінде медициналық анықтамалар мен басқа да құжаттарды көрсету талабы алынып тасталады.
"Бұл рәсім жолаушыларды тасымалдау ережелерінің 44-тармағынан құжат тапсыру талабын алып тастау арқылы жеңілдетіледі. Енді қажетті ақпарат автоматты түрде арнайы деректер базасы арқылы тексеріледі. Бұл шаралар ерекше қажеттілігі бар азаматтардың құқығын қорғауға және оларға ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған", – деп мәлімдеді Көлік министрлігі.
Қазіргі уақытта бұл өзгерістер мақұлдау сатысында тұр. Жаңа ережелер 2025 жылдың екінші жартысында күшіне енуі жоспарланып отыр.
Соңғы жаңалықтар





