Қазақстанда шоттар жаппай бұғатталды: Қаржы министрлігі қателігін мойындады
2026 жылғы 9 сәуірде Қазақстанда жаңа салық жүйесін енгізу барысында техникалық ақау орын алып, азаматтар мен компаниялардың шоттары жаппай бұғатталды. Осы жағдайға байланысты Қаржы министрлігі қателікті мойындап, халық пен бизнес өкілдерінен кешірім сұрады, деп хабарлайды Politico.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп.
Шоттардың бұғатталуына не себеп болды?
Үкімет брифингінде Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов қазақстандықтардың шоты не себепті бұғатталғанын түсіндірді. Оның айтуынша, кейбір компаниялар бір тәулік бойы өз қаражатын пайдалана алмаған.
Мемлекеттік кірістер комитеті бұл жағдайдың жаңа ақпараттық жүйені енгізу кезінде кеткен техникалық қателікпен байланысты екенін мәлімдеген.
«Бұл жағдай жаңа ақпараттық жүйелерді енгізу барысында болды. Қазір кедендік және салықтық жүйелерді толық жаңғыртып жатырмыз. Интеграцияланған салықтық әкімшілендіру жүйесін іске қосу кезінде ақау орын алды», – деді вице-министр.
Қандай қателік кеткен?
Вице-министрдің айтуынша, жүйе автоматты түрде бұрынғы кезеңдердегі берешегі бар азаматтарды да қамтып кеткен. Бұл орындалмаған хабарламаларға байланысты туындаған.
«Міндет – 1 қаңтардан бастап барлық берешегі бар тұлғаларды анықтау еді. Осы процесте әдістемелік және техникалық қателіктер кеткен болуы мүмкін. Алайда мәселе бір тәулік ішінде шешілді», – деді Ержан Біржанов.
Министрлік кешірім сұрады
Қаржы министрлігі атынан вице-министр бизнес өкілдері мен азаматтардан ресми түрде кешірім сұрады. Оның айтуынша, бұл жағдайдан кейін барлық бизнес-процестер қайта қаралған.
«Бірнеше бақылау сүзгісі енгізіледі. Бұл – біз үшін теріс тәжірибе болды. Мұндай жағдай енді қайталанбайды деп ойлаймыз. Келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз», – деді ол.
Қазір жағдай қандай?
Министрлік мәліметінше, техникалық ақау қысқа уақыт ішінде жойылып, шоттарға қолжетімділік толық қалпына келтірілген. Қазіргі таңда жүйе қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
Соңғы жаңалықтар