«Қазақстанда жасалған» бренді жоғары сапа белгісіне айналуы тиіс – Бектенов жаңа бағдарлама әзірлеуді тапсырды

04.08.2026 12:43 Қанат Айбар
«Қазақстанда жасалған» бренді жоғары сапа белгісіне айналуы тиіс – Бектенов жаңа бағдарлама әзірлеуді тапсырды
53
Фото: Ukimet

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов отандық өнімдерді қолдау мақсатында жаңа кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Үкімет басшысы мемлекеттік қолдау шараларының арқасында елде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты тұрақты түрде өсіп келе жатқанын алға тартып, ендігі басты назарды «Қазақстанда жасалған» таңбасының беделін арттыруға аудару қажеттігін мәлімдеді.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да тұрақты өсіп келеді. Бұған экономика салаларын кешенді мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде қол жеткіздік. Ендігі міндет – ішкі нарықты отандық өніммен толықтыруды жалғастырып, өткізу нарықтарын кеңейту және қазақстандық тауарларды сыртқы нарықтарда неғұрлым белсенді ілгерілету. Қазақстанда жасалған ұлттық таңбасы тұтынушылардың сенімі мен жоғары сапа белгісіне айналуы тиіс», – деді Олжас Бектенов.

Осы мақсатты жүзеге асыру үшін Сауда және интеграция министрлігі мен «Атамекен» палатасына бір ай ішінде отандық тауарларды ілгерілетудің жаңа бағдарламасын дайындау жүктелді. Сонымен қатар дәл осы уақыт аралығында халық арасында ең көп сұранысқа ие тауар санаттарын анықтап, олардың ішкі нарықтағы үлесін арттыру бойынша нақты мақсатты көрсеткіштерді белгілеу міндеттелді.

Бұдан бөлек премьер-министр жауапты органдарға ірі сауда желілерімен тығыз жұмыс істеуді тапсырды. Бұл ретте отандық сауда маркаларын дамытып, қазақстандық өндірушілермен ұзақ мерзімді тауар жеткізу келісімшарттарын бекіту ішкі нарықты нығайтудың басты шарты ретінде аталды.

Войдите, чтобы оставить комментарий