Қазақстандағы ең ықпалды әйелдер тізіміне бұл жолы кімдер ілінбеді

09.09.2026 14:33 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақстандағы ең ықпалды әйелдер тізіміне бұл жолы кімдер ілінбеді
127
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Forbes Kazakhstan басылымы жариялаған еліміздегі ең ықпалды 25 әйелдің биылғы рейтингіне өткен жылғы тізімде болған алты адам енбей қалды. Олардың қатарында бұрынғы министрлер, экс-президент көмекшісі, ғалым, журналист және Азаматтық авиация комитетінің басшысы бар, деп хабарлайды Politico.kz.

Forbes Kazakhstan басылымының мәліметіне сәйкес, бұл тұлғалардың бірқатары кейінгі бір жылда жоғары мемлекеттік қызметтерінен босатылса, кейбірі бұрынғы орындарында жұмысын жалғастырып жатыр.

Тізімнен шығып қалғандар арасында экс-министр Светлана Жақыпова бар. Ол 2025 жылғы рейтингте алтыншы орында тұрған еді. Жақыпова 2023 жылдың қыркүйегінен бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарды.

Президент 2026 жылғы 27 қаңтарда оны қызметінен босатып, министрлікке Асқарбек Ертаев тағайындалды. Жақыпова әлеуметтік салада ұзақ жылдар еңбек етіп, вице-министр және Президент жанындағы халықтың осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл қызметтерін атқарған.

Рейтингтен шыққан тағы бір тәжірибелі мемлекеттік қызметкер – Тамара Дүйсенова. Ол өткен жылғы тізімде 12-орынға ие болған.

Дүйсенова 2025 жылғы 25 қыркүйекте Президент көмекшісі қызметінен босатылды. Содан бері оның жаңа мемлекеттік қызметке тағайындалғаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Ол әр жылдары министр және Премьер-министрдің орынбасары лауазымдарын атқарған.

Былтыр 11-орында тұрған журналист әрі Orda жобасының негізін қалаушылардың бірі Гүлнар Бажкенова да бұл жолы тізімге ілікпеді. Ол біршама уақыт бұрын OrdaMedia.kz бас редакторы қызметінен кеткен еді.

Биыл 18 тамызда сот Бәжкенованы заңсыз кәсіпкерлік, мүлікті ысырап ету және жалған ақпарат тарату баптары бойынша кінәлі деп тапты. Оған жазаны өтеуді екі жылға шегере отырып, 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен бірге сот оған бес жыл бойы журналистік қызметпен айналысуға тыйым салды. Бәжкенова өз кінәсін мойындамады.

Тізімге биолог ғалым Күнсұлу Закарья да қайта енген жоқ. Ол 2025 жылғы рейтингте 20-орында болған еді. Ғалым сол жылдың 25 қыркүйегіне дейін Президенттің ғылым және инновациялар жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарды.

Закарья – коронавирусқа қарсы отандық QazVac вакцинасын жасап шығарған топтың жетекшісі. Ол 2025 жылдың желтоқсанында Shakarim University директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Оның 230-дан астам ғылыми еңбегі мен 32 өнертапқыштық патенті бар.

Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының жетекшісі Зәуреш Батталова да биылғы жиынтыққа кірмеді. Ол 2025 жылғы тізімде оныншы орында тұрған. Батталова 1999–2005 жылдары Парламент Сенатының депутаты болып, кейінгі жылдары азаматтық қоғам институттарын дамытумен айналысып келеді.

Қызметін сақтап қалса да, биылғы тізімге енбей қалғандардың бірі – Салтанат Томпиева. Ол әлі де Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы әрі Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің директорлар кеңесінің мүшесі.

Томпиева авиация саласында 1998 жылдан бері еңбек етеді. 2026 жылдың тамызында ол Түркиямен өткен келіссөздерде қазақстандық делегацияны басқарып, екі ел арасындағы тұрақты рейстердің санын көбейтуге қол жеткізген.

7 қыркүйекте ұсынылған жаңа рейтингке бірнеше жаңа тұлға алғаш рет енді. Олар:

• Ақмарал Әлназарова – Денсаулық сақтау министрі;

• Жұлдыз Сүлейменова – Оқу-ағарту министрлігі;

• Баян Алагөзова – продюсер, кәсіпкер;

• Гауһар Әбіқаева – кәсіпкер;

• Раушан Жақсыбай – кәсіпкер.

Войдите, чтобы оставить комментарий