Қазақстандық картасы бар ресейліктердің басы бәлеге қалды

Ресейде Қазақстанның банк картасын алған азаматтарды тергеуге шақыра бастады, деп хабарлайды POLITICO.KZ "Осторожно, новости" жаңалық арнасына сілтеме жасап.
Ресейде Қазақстан банктерінен қашықтан карта ашқан азаматтарды полиция тергеуге шақыра бастады. Тергеушілердің бұл әрекеті қазақстандық делдалдарға қатысты істермен байланысты болуы мүмкін.
Арнаның мәліметінше, тергеушілердің қызығушылығы ресейліктерге жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алуға көмектескен қазақстандық делдалдарға қатысты. Бұған дейін кейбір ЖСН-дердің жалған құжаттар арқылы рәсімделгені анықталып, кейін олар ұлттық реестрден жойылған болатын.
2025 жылдың қыркүйек айының басынан бері бірнеше ресейлік полицияға шақырту алған. Құқық қорғау органдары мыңнан астам адамның істің назарында екенін айтқан. Кейбір азаматтарға Қазақстанда қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабарланған, бірақ бұл ақпараттың ресми растауы жоқ.
Ресейліктер үшін қашықтан ЖСН рәсімдеп, қазақстандық карталарды ашу схемасы 2023 жылы пайда болған. 2024 жылдың басында Қазақстан бұл қызметті қашықтан көрсетуге тыйым салғанымен, кейбір делдалдар жаңа ережелерді айналып өтуді жалғастырған.
Қазіргі уақытта шетелдіктерге ЖСН беру қызметін Қазақстанның шет елдердегі консулдықтары арқылы Ішкі істер министрлігі көрсетеді. Ол үшін азамат консулдыққа жеке өзі барып, өтініш пен төлқұжатын тапсыруы тиіс.
Соңғы жаңалықтар





