Қазақстандықтардың 1,1 трлн қарызы коллекторларға берілді
Қазақстанда коллекторлық агенттіктерге өндіріп алуға берілген қарыз көлемі 1 жыл ішінде 37 пайызға өсіп, 1,1 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Finprom.kz сараптамалық порталы хабарлады, деп жазады Politico.kz.
Бұл көрсеткіш соңғы жылдары едәуір артқан. Егер 2021 жылдың соңында коллекторлардың жұмысына 402 млрд теңге берілсе, бұл сома 2024 жылы 778,8 млрд теңгені құраған. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша қарыз көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеден асты.
Портал мәліметінше, қазіргі таңда коллекторларға берілген қарыздың 85 пайызы банктерге тиесілі. 2026 жылы наурызда банктерден өткен қарыз көлемі 941,2 млрд теңге болды. Ал микроқаржы ұйымдарынан алынған қарыздар көлемі 1 жыл ішінде 85,4 млрд теңгеден 73 млрд теңгеге дейін азайған.
Дегенмен, коллекторлардың толықтай сатып алған қарыздарының көлемі керісінше төмендеп келеді. Биылғы наурызда оның көлемі 727,7 млрд теңгені құрап, 1 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда 30,4 пайызға азайған. Мұндай өзгеріс азаматтардың проблемалық несиелерін сатуға қойылған шектеулермен байланысты екені айтылады. Еске салсақ, 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап банктер мен микроқаржы ұйымдарына мұндай қарыздарды коллекторлық агенттіктерге сатуға тыйым салынған болатын. 2026 жылдың қаңтарында бұл мораторий 2027 жылдың 1 мамырына дейін ұзартылды. Соның нәтижесінде жаңа проблемалық қарыздар несие берушілердің өз балансында қалады, ал коллекторлар тек сотқа дейінгі өндіріп алу жұмыстарына ғана тартылады.
Жалпы алғанда 2 бағыт бойынша қарыздың жалпы сомасы 1 жыл ішінде айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Биылғы наурыздың қорытындысы бойынша ол 1,8 трлн теңгені құрады. Осы орайда қарызды реттеудің жаңа тетіктері іске қосылып жатыр. Мәселен, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап бірнеше банкке немесе коллекторларға кепілсіз несиесін төлей алмай жүрген азаматтарға арналған Finkelisim.kz платформасы жұмысын бастады. Енді борышкерлер әр несие берушіге жеке бармай, 1 ғана өтініш бере алады. Бұл ретте оларға 5 жылға дейін, ал әлеуметтік осал топтарға 7 жылға дейін бірыңғай төлем кестесі ұсынылуы мүмкін.
Нарықтағы жетекші компанияларға келсек, өндіріп алуға берілген қарыз көлемі бойынша биылғы наурызда «НСВ» агенттігі көш бастады. Олардың үлесіне 232,3 млрд теңге тиесілі болды. Одан кейінгі орындарда ELITE KZ және «ЦАКА» агенттіктері тұр. Ал толықтай сатып алынған қарыздар бойынша AGRO GROUP COLLECTION агенттігі 130,5 млрд теңгемен бірінші орында келеді.
"Проблемалық қарыздардың банктер мен микроқаржы ұйымдарының балансында қалуы бұл ұйымдардың қарыз алушымен ортақ мәмілеге келуіне мүдделілігін арттырады. Сондықтан басты мәселе коллекторларға қанша қарыз берілгенінде емес, іс мәжбүрлеп өндіріп алу сатысына өткенге дейін қолайлы төлем кестесін келісіп алуда", – делінген Finprom.kz сараптамалық порталының хабарламасында.
Соңғы жаңалықтар