Қазақстандықтарға 18 мың жеңілдетілген ипотека беріледі
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады, деп хабарлайды Politico.kz
Министрдің айтуынша, саланы жандандыру үшін құрылысты қаржыландыру, дайын пәтерлерді сатып алу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және қолжетімді ипотекалық құралдарды кеңейту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Өткен жылы осы бағдарламалар аясында 218 миллиард теңгеге 14,5 мың жалдамалы пәтер сатып алынып, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілген. Сонымен қатар 14 мыңнан астам кредиттік тұрғын үй салу және сатып алу үшін 140 миллиард теңге бөлінді.
Бұдан бөлек, 10,5 мың жер учаскесіне инженерлік желілер тартылған. Ал 68 миллиард теңгеге 2 және 5 пайыздық мөлшерлемемен 5 мыңнан астам жеңілдетілген ипотекалық несие берілген.
Министрдің мәліметінше, «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламалары аясында да тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жүргізіліп, 233 миллиард теңгеге 8,6 мың несие берілген.
Биыл жергілікті атқарушы органдардың бағалы қағаздарын сатып алу арқылы шамамен 11,5 мың кредиттік тұрғын үй салу мен сатып алуға 155 миллиард теңге бағыттау жоспарланып отыр. Сонымен қатар 18,2 мың жеңілдетілген ипотекалық несие беру көзделген.
Сондай-ақ биылдан бастап жалға берілетін тұрғын үйді сатып алу және инженерлік инфрақұрылым тартуды қаржыландыру өңірлер мен жергілікті бюджеттерге берілетін жалпы сипаттағы трансферттер есебінен жүзеге асырылады.
Осыған байланысты министр өңір әкімдіктеріне аталған бағыт бойынша жеткілікті қаржыландыруды алдын ала пысықтауды тапсырды.
Последние новости