Қазақстанға бірнеше рет келген Қатардың бұрынғы әмірі дүниеден өтті
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге әкесінің өмірден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы Қатардың бұрынғы басшысы, ел ішінде "Әке-әмір" атанған шейх Хамад бен Халифа Әл Тәнидің қазасына байланысты әмір мен оның әулетінің, барша қатарлықтардың қайғысына ортақтасатынын жеткізді. Белгілі болғандай, ол 2026 жылдың 12 шілдесінде 74 жасында дүниеден өткен.
"Шейх Хамад бен Халифа Әл Тәни – Қатардың өсіп-өркендеуіне және халқының баянды болашағын қамтамасыз етуге тарихи үлес қосқан, халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға риясыз қызмет еткен біртуар қайраткер. Қазақстандықтар әкеңіз шейх Хамад бен Халифаны парасатты басшы, халықаралық деңгейдегі беделді саясаткер, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор еңбек сіңірген тарихи тұлға ретінде әрдайым есінде сақтайтын болады", – делінген жеделхатта.
Әмір кеңсесі марқұмның нақты неден көз жұмғанын хабарламады. Алайда оның ұзақ уақыт бойы күрделі ем қабылдап жүргені белгілі еді. Қайғылы жағдайға байланысты қазіргі әмір Тәмим елде төрт күндік жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады. Мемлекеттік мекемелердің жұмысы уақытша тоқтатылып, барлық жерде тулар төмен түсірілді.
Айта кетейік, шейх Хамад бин Халифа Әл Тәни Қазақстанға 1999 және 2011 жылдары ресми сапармен келген. Астанадағы соңғы кездесуінде оны әуежайдан Қазақстанның тұңғыш президенті күтіп алған болатын.
Соңғы жаңалықтар