Қазақтар қыз ұзатып, той жасамаған - тарихшы
Бірнеше жыл бұрын Өзбекстаннан Қазақстанға көшіп келген тарихшы әрі журналист Жұмамұрат Шәмші елімізге келген алғашқы жылдары той-томалақтың тым көптігіне қатты таң қалғанын айтты. Ол бұл туралы Qazaq Airan YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Жұмамұрат Шәмшінің айтуынша, Өзбекстанда жылына небәрі үш мемлекеттік мереке ғана кең көлемде атап өтіледі.
«Өзбекстанда бір жылда үш-ақ мейрам бар: Наурыз, Тәуелсіздік күні және Құрбан айт. Ал Қазақстанда 365 күн бойы той тоқтамайды. Алғаш көргенде жағамды ұстадым», – дейді ол.
Қоғам белсендісі Қазақстанда түрлі мейрамдардың тым көбейіп кеткенін атап өтті. Оның айтуынша, мұнда ресми мерекелермен қатар жаңа жыл, ескі жаңа жыл, Валентин күні, 8 наурыз, көрісу күні, қыздар мен әкелер күні сияқты атаулы даталар да кеңінен тойланады.
«Одан бөлек туған күнді де ерекше даңғазамен өткізеді. Тойдың бітпейтіні сонша – оған бюджеттен кетіп жатқан қаржыны көрсең, төбе шашың тік тұрады», – дейді ол.
Сұхбат барысында Жұмамұрат Шәмші тіл мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазақ көп шоғырланған өңірлердің өзінде тілдік орта қатты өзгерген.
«Шымкенттің өзінде қазақ тілі шұбарланып кеткен. Орысша кірме сөздер, оған қоса ағылшын сленгтері қосылды. Бұл – алаңдатарлық жағдай», – деді ол.
Сонымен қатар ол қазіргі той мәдениетін қатаң сынап, қазақта бұрын қыз ұзату тойы болмағанын атап өтті.
«Бұрын қазақта тек үйлену тойы ғана болған. Қыз ұзату бүгінгідей даңғазалы той емес еді. Киіз үйде жақын туыстар жиналып, сыңсу айтып шығарып салатын. Бұл той емес, салт еді. Қазіргі қыз ұзату 2000-жылдардан кейін асқынып кетті», – дейді ол.
Қоғам белсендісі той мәдениетін реттеу үшін мемлекеттік деңгейде арнайы бағдарлама қажет екенін де алға тартты.
Соңғы жаңалықтар