Қоқыс үшін 165 шенеунік жазаланды: Бектенов экологиялық рейдтің қорытындысын шығарды

Қоқыс үшін 165 шенеунік жазаланды: Бектенов экологиялық рейдтің қорытындысын шығарды
0
35
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының ауқымды экологиялық бастамасын жүзеге асыру барысын талқылау мақсатында арнайы кеңес өткізді. Жиында табиғатты қорғау шараларының нәтижелері мен қалдықтарды қайта өңдеу жобаларының орындалу барысы пысықталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Үкімет басшысы Президент бастамасының жалпыұлттық қозғалысқа айналғанын тілге тиек етті. Олжас Бектеновтің пікірінше, мәселе тек ағаш отырғызу мен қоқыс жинаумен шектелмейді.

«Президентіміздің “Таза Қазақстан” бастамасы кең ауқымды жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Мәселе тек ағаш отырғызу және қоқыс тазарту туралы болып отырған жоқ. Табиғатты қорғау идеясына бүкіл қоғамды біріктіру, жайлы да таза қоршаған орта қалыптастыру ісіне әрбір адамның белсенді қатысуы – біздің жұмысымыздың басты нәтижесі болуға тиіс.

Табиғи байлықты сақтау, ауа мен судың тазылығын қамтамасыз ету, ресурстарды ұтымды пайдалану – біздің алдымызда тұрған басым міндеттер. Мемлекет басшысының бастамасы бір күндік науқан емес, жаңа экологиялық мәдениетті, сондай-ақ азаматтарымыздың күнделікті өмір салтын қалыптастыруға бағытталған тұрақты жұмыс

бір адамның белсенді қатысуы – біздің жұмысымыздың басты нәтижесі болуға тиіс. Бұл бір күндік науқан емес, жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тұрақты жұмыс», – деп атап өтті Премьер-министр.

Бағдарлама аясында биыл республика бойынша 1 250 экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде бір миллион гектардан астам жер тазартылып, шамамен 800 мың тонна қалдық жиналды. Коммуналдық қызметтермен бірлесіп, қалалар мен ауылдарда 3,8 миллион түп ағаш егілді. Жалпы алғанда, бүгінгі таңда отырғызылған көшеттердің саны 18 миллионнан асып, Президенттің 2025 жылға дейін елді мекендерде 15 миллион ағаш егу жөніндегі міндеттемесі толық орындалды.

Заңсыз қоқыс полигондарымен күрес те қарқынды жүргізілуде. Құқық қорғау органдарымен бірлескен 1 300 мобильді топ жұмыс істеп тұр. Ғарыштық мониторинг арқылы анықталған 3 833 қоқыс орнының 80 пайызы жойылды. Экологиялық талаптарды сақтамаған 165 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға салынған айыппұлдың жалпы көлемі 12,4 миллион теңгені құрады.

Халықпен кері байланыс орнату тетіктері де өз тиімділігін көрсетті. Жыл басынан бері арнайы Telegram-чат арқылы тұрғындардан 24 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Олардың басым бөлігі аумақтарды тазарту, қоқыс шығару, абаттандыру және жол жөндеу мәселелеріне қатысты болды. Қазіргі уақытта өтініштердің 23 мыңы оң шешімін тапты.

Жиында қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Өңірлерде сегіз жаңа полигон пайдалануға берілді. Сондай-ақ жалпы құны 89,4 миллиард теңгені құрайтын қоқыс сұрыптау және өңдеу бойынша 22 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылу сатысында тұр. Кешенді жоспарға сәйкес барлығы 100 полигон салу көзделген. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қоқыс өртеу зауыттарын салу жоспарланып отырғанын баяндады. Бұл мақсатқа 293 миллиард теңге инвестиция тарту туралы келісімдерге қол қойылды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий