Қорадан табылған мәйіттер, Балиға қашу: Сәрсемалиев ісінде сұмдық деректер ашылды
Туыстарын аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты сот процесі дәлелдемелерді зерттеу кезеңіне өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
4 маусым күні сот отырысында тергеу барысында түсірілген бейнематериалдар көрсетілді. Онда қылмыстың қалай жасалғаны, іздердің қалай жасырылғаны және күдіктінің елден қашу әрекеті кезең-кезеңімен баяндалды.
Алғашқы бейнежазбада тергеушілердің жеке үй ауласындағы шаруашылық құрылыстан жасырын көмілген мәйіттерді тапқан сәті көрсетілді. Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың желтоқсанында жоғалып кеткен Максот Қарабалин мен жұбайы Насип Өтешқалиева қора ішіндегі шамамен 1,3 метр тереңдіктегі шұңқырға көмілген. Қабірдің үсті линолеуммен жабылған.
Тергеушілер алдымен отағасының денесін, кейін оның астынан жұбайының мәйітін шығарған. Айта кетейік, бұған дейін полиция, Ұлттық ұлан және арнайы техника қатысқан іздеу жұмыстары нәтиже бермеген. Жасырын жерлеу орны тек 2026 жылдың 9 наурызында тергеу эксперименті кезінде анықталған.
Бейне көрсетіліп жатқанда марқұмдардың туыстары көз жасына ерік берді. Ал айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев еш эмоция білдірмей, экранға үнсіз қарап отырған.
Сотта сондай-ақ күдіктінің Атыраудағы «Дина» базарындағы ломбардқа барған сәті де көрсетілді. Бақылау камераларында оның зергерлік бұйымдар салынған қызыл қорапшаны өткізіп, бағалау аяқталған соң ақша алып шыққаны көрінеді. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл алтын бұйымдар қаза тапқан отбасының үйінен алынған. Ал ломбардтан түскен қаражат кейін қашуды ұйымдастыруға жұмсалған болуы мүмкін.
Тағы бір бейнематериалда Сәрсемалиев пен оның әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваның Қазақстаннан қалай кеткені көрсетілді. Тергеу дерегіне сәйкес, олар 2025 жылдың 9 желтоқсанында «Қапланбек» өткізу пункті арқылы Өзбекстанға өткен.
Кейін олар Ташкенттен Куала-Лумпур арқылы Бали аралына ұшқан. Ерлі-зайыпты 2025 жылдың желтоқсанынан 2026 жылдың ақпанына дейін Индонезияда болған.
Алайда қашу әрекеті сәтсіз аяқталған. 2026 жылдың 24 ақпанында Индонезияның көші-қон қызметі оларды визалық режимді бұзғаны үшін ұстаған. Кейін екеуі Қазақстанға депортацияланып, құқық қорғау органдарына тапсырылған.
Соңғы жаңалықтар