Қорғаныс министрлігі желіде таралған жалған әскери туралы мәлімдеме жасады
Өзін әскери қызметкер ретінде көрсетіп, заңға қайшы әрекеттерін видеоға түсірген ер адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Маусым айының соңында EGOV.PRESS Telegram арнасында жол ережесін өрескел бұзған адамның бейнежазбасы жарияланған болатын. Видеода ол өзін Қазақстан Қарулы күштерінің қызметкері ретінде көрсеткен.
Қорғаныс министрлігі бұл деректі тексеріп, аталған азаматтың әскери қызметке ешқандай қатысы жоқ екенін анықтады. Ведомство мәліметінше ол бұрын-соңды Қарулы күштер мен басқа да әскери құрылымдар қатарында мүлдем қызмет етпеген.
"Тексеру материалдары ішкі істер органдарына жіберілді. Нәтижесінде азамат ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 2-бөлігі ("Жалған ақпаратты орналастыру, тарату") бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды", – деп хабарлады министрліктен редакциямызға.
Қорғаныс министрлігі әскер мен Қарулы Күштер туралы жалған ақпарат таратқандар заңмен жауапқа тартылатынын ескертеді.
Соңғы жаңалықтар