Қостанайда полицейді аяусыз ұрып соққан үш жігіт 15 жылға сотталуы мүмкін

05.09.2026 09:21 Қарақат АСЫЛОВА
Қостанайда полицейді аяусыз ұрып соққан үш жігіт 15 жылға сотталуы мүмкін
310
Фото: Getty Images

Қостанай облысында полиция қызметкеріне жасалған шабуылға қатысты қылмыстық істің сот процесі басталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Үш жас жігіт полиция қызметкеріне қызметтік міндетін атқарып жүрген кезінде күш қолданды деп айыпталып отыр.

Қылмыстық іс Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Сотталушылар — 21 жастағы Руслан Пасечник, 22 жастағы Әмір Дамирұлы және 25 жастағы Арнұр Арманұлы. Үшеуі де 28 наурыздан бері қамауда.

Оқиға 28 наурыз күні таңертең Қостанайдағы Береке шағынауданында болған. Прокурордың айтуынша, шамамен сағат 08:30-да полиция қызметкері Руслан Қазиев үйінен бес және жеті жастағы балаларымен бірге шыққан. Ол балаларын көлігіне отырғызып болған соң, үй маңында алкоголь ішіп, шулап тұрған үш жігітке жақындаған.

Қазиев сол уақытта қызметте болған және формалық киім киген. Ол жастарға қоғамдық тәртіпті бұзуды тоқтатып, үйлеріне қайтуды талап еткен. Алайда айыптау тарапының мәліметінше, жігіттер полиция қызметкерінің талабына агрессиямен жауап берген.

Прокурордың сөзінше, жанжал алғашында Әмір Дамирұлы мен Руслан Қазиевтің арасында басталған. Дамирұлы полицейді ұрған. Кейін жанжалға Руслан Пасечник араласқан. Қазиев өзін қорғау кезінде оны жерге құлатқан.

Осы сәтте Дамирұлы полиция қызметкеріне тағы да бірнеше рет соққы жасаған. Оқиғаны көрген адамдар жанжалды тоқтатуға тырысып, екі жігітті ажыратқан. Алайда олардың бірі қайтадан полицейге шабуыл жасаған.

Айыптау нұсқасына сәйкес, кейін Пасечник Қазиевке бірнеше рет соққы жасап, нәтижесінде полиция қызметкері есінен танып қалған. Соған қарамастан оны ұрып-соғу жалғаса берген. Тергеу мәліметінше, Арнұр Арманұлы да оқиғаға араласқан.

Салдарынан Руслан Қазиев жабық бас-ми жарақатын, миы шайқалуын, гематомалар мен денесінің әртүрлі бөліктерінен көптеген жарақат алған.

Үш жігіттің әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 6-бөлігінің 4-тармағы бойынша сараланған. Бұл бап билік өкіліне қызметтік міндетін атқаруына байланысты өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдануды қарастырады. Мұндай қылмыс үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сотта судья тағылған айыптың түсінікті-түсініксіз екенін сұрағанда, үш сотталушы да «иә» деп жауап берген.

Оларға істі он алқабимен қарау мүмкіндігі де түсіндірілген. Алайда сотталушылар алқабилер сотынан бас тартты.

Сот барысында қорғаушы Олег Бранцев қылмыстық істі прокурорға қайтаруды сұрады. Адвокат бұған дейін «Е-Өтініш» арқылы тергеу экспериментін өткізуді сұрап өтініш бергенін, алайда оған жауап болмағанын айтты.

Сонымен қатар қорғаушы қылмыстық іс материалдарының жеті томымен танысқанын, ал сотталушыларға әзірге алты том ғана берілгенін мәлімдеді.

Сот қорғау тарапының істі прокурорға қайтару туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Негізгі сот отырысы 16 қыркүйекке белгіленді. Осы уақытқа дейін сотталушыларға қылмыстық істің барлық материалымен танысуға мүмкіндік беріледі.

Войдите, чтобы оставить комментарий