Қостанайда жөнделмей тұрған балалар ауруханасына байланысты белсенділер наразылық білдірді

Қостанайда жөнделмей тұрған балалар ауруханасына байланысты белсенділер наразылық білдірді
02.05.2025 21:57
0
51
Фото: Жаңа адамдар

Қостанай қаласында алты жылдан бері жөнделмей тұрған облыстық балалар ауруханасының мәселесі қайта көтерілді.

«Халық Қаһары» азаматтық науқанының белсенділері қалаға арнайы келіп, аурухана жөндеуіне бөлінген миллиардтаған теңгенің тағдырына алаңдаушылық білдірді.

Балалар ауруханасы 2019 жылы күрделі жөндеуге жабылған. Алғашында жобаға 1,2 миллиард теңге бөлінсе, кейін қосымша 1,5 миллиард теңге қарастырылған.

Алайда арада алты жыл өтсе де, нысан пайдалануға берілмеген. Аурухананың жабық болуы салдарынан ата-аналар балаларын басқа аудандардан емдетуге мәжбүр.

Белсенділер облыстық денсаулық сақтау басқармасы ғимаратының алдына үш метрлік стела орнатты. Олар бұл әрекеттері арқылы аурухананың тағдырына жауапты шенеуніктердің назарын аудартпақ.

Азаматтық бастаманың жетекшісі Алихан Сарсенов:

«Біз – жылы кабинеттерден даусын естімейтіндердің атынан сөйлейміз. Бұл – балалар мен қоғам алдындағы борышты еске салу. Аурухананың неге әлі күнге дейін ашылмағанына нақты жауап керек», – деді.

Бұған дейін белсенділер жөндеу жұмыстарына жауапты болған денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Джандаевқа «қара таңба» символын табыстаған еді. Алайда ол өз кінәсін мойындамаған.

«Халық Қаһары» қозғалысы әділет орнағанша күресті жалғастыратынын мәлімдеді. Олардың басты талабы – аурухананың жөндеуін аяқтап, нысанды балаларға қайта қолжетімді ету.

 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий