Құралай ханым феншуймен қалай байығанын айтты

02.09.2026 20:21 Томирис САҒЫНДЫҚ
Құралай ханым феншуймен қалай байығанын айтты
144
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Психолог әрі кәсіпкер Құралай Ошақбаева өзінің феншуй іліміне қызығушылығы, бұрынғы қызметі, аудиториямен байланысы және діни көзқарастар төңірегіндегі сындарға қатысты пікір білдірді. Ол өз тәжірибесінде бұл ілімді тек тұрмыстық тазалық пен реттілікті сақтау құралы ретінде пайдаланғанын жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Құралай ханым бұл туралы журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында әңгімеледі. 

«Бұл нәрсе Айгүлден деп ойламаймын, тағы да айтамын, бұл нәрсе Алладан деп ойлаймын. Қоғамда сондай сөз етіп тұрған адамды Жаратушының өзі де тоқтатады екен. Демек, біздің қоғамға, массаға ол феншуйдің керегі болмады. Мен ол кезде массаны ұстап отырдым ғой: семинарларыма 3000 адам, Республика сарайында 5000 адам, «Қазақконцертке» де халық келді. Менің карантиндегі тікелей эфирлерімде 10 000-15 000 адам отыратын. Ол массаға берілгеннен кейін, шынымен Алла өзі Айгүл арқылы маған «стоп» қоюы керек болды. Себебі мен бәрін әкелдім. Өзіме феншуйдің де көмегі тиді. Тіпті феншуйда бақа-шаянға барып, Буддаға табынып кеткен түгім де жоқ. Феншуйдан маған ұнайтыны: ауылдық жерде тұрған кезде, бізде дүкенде «қарыз дәптер» деген болатын. Сонда бәрі қарызға алады, енді ауылдастарым ренжімесін. Сонда айлық алғанда немесе пенсия түскенде барып қарыз жинаймын. Таңғы сағат 5-те тұрамын да, «Алтын Орда» сияқты базарларға барып, затымды әкеп, дүкеніме тапсырамын. Біраз жұмыс істеп, бала-шағамды оятып, бәрін сабаққа жіберемін. Түске таман сағат 11-12-де қарыз сұрай барсам, перделерін қараңғылап қойып, жас қыздар ұйықтап жататын. «Жұмыс жоқ, ақша жоқ» деп отырады. Сонда барып перделерін ашып, соларға айтатынмын: «Мына феншуй деген кітап бар, оқышы. Үйге жарық түссін, терезеге газет жапсырып тастапты, жарық даладан түсуі керек, терезе таза болуы керек. Ішкен асың таза болса, күйеуіңнің жұмысы жүреді», – деп. Сонда сол ауылдағы келіндер тыңдайтын. Кейін дүкенге келіп: «Сіз соны айтып едіңіз, күйеуімнің КамАЗ-ының моторы істемей тұрған еді, сол жұмыс істеп кетті. Ақша тапты», – деп қарызын беріп жатады. Енді сондай нәтижелер болғандықтан, мен оны қайдан білейін массада, адамдарда фильтр жоқ екенін? Сөйтіп: «Қыздар, феншуйдың осындай тәсілі бар, Инь-Янь деген бар, ақ пен қара қатар жүреді. Сен қараңғылыққа толып кетсең, ақты қайдан аласың? Таза ауа жұта алмасаң, ақшаны қалай табасың?» – деп, тазалыққа үндейтін нәрселері ұнады. Өзім Лиллиан Тудан сабақ алдым», – деді психолог.

Сондай-ақ ол феншуй қағидаларын күнделікті өмірде қалай қолданғаны жөнінде нақты мысал келтірді.

«Бірде көршіміздің есігінің алдында 100 жылдай болған, өліп, қурап қалған үлкен ағаш тұратын. Көршіме айта беретінмін: «Осы ағашты қиып тасташы, феншуйда үлкен темірлер немесе қураған дүниелер үйге кері әсер етпеуі керек», – деп. Қазақтар түсінбейді ғой, «мынау не айтып кетті» деп. Сосын бір күн айттым: «Осыны саған отын қылып кесіп берейін, өзім аралайтын кісілерді алып келіп, ақшасын төлейін. Осыны алып тастасам бола ма?» – дедім. Ол қуанды. Сөйтіп кесіп тастап едік, содан кейін дүкеніміздің жұмысы күшті болып кетті. Сондай нәрселерді ауылдастарым, абысындарым келіп сұрайтын: «Төсегім былай тұр», – деп, соны Instagram-да айтып тұратынмын», – деді Құралай Ошақбаева.

Сұқбат барысында блогер өзіне тағылған «діни адасушылық» туралы айыптауларға жауап беріп, қазіргі таңда айналысып жүрген жобаларына тоқталды.

«Аллаға серік қосу қандай болады? Егер мен сол Буддаға барып табынып, бүкіл адамдарға «соған табыныңдар» деп айтып жатсам... Мен адамдарды адастырдым деп ойламаймын, тек айтуда өзімнен де қателік болған шығар. Қазір қазақ қоғамында өте көп көзқарас пен әркімнің өзіндік таңдауы пайда болды. Ал 2014-2015 жылдары кім шығады, соған еріп тыңдай беретін. Қазақ өзі сондаймыз ғой, жарқ еткен дүниеге қызығып кетеміз. Ол жерде «белгілі бір деңгейде қателестім» деп айта алмаймын, бірақ «неге намаз оқымайсың, дұға оқы» деп айтпадым. Орамал сатамын, армандар картасын сатамын. Армандар картасын сонау 2000 жылдан бастап жасадым, қазір де жасауға кеңес беремін. Себебі бұл балаларға үміт сыйлайды. Бала 12 жасқа дейін қалыптасады ғой. Мира Ерланқызының сұхбатында да айтылады: үйдегі ата-анасының ұрыс-керісін, «ақша жоқ, бәрі бітті, үкімет жаман» деген сөздерін көрмей, керісінше: «Қане, мынаны кесіп-кесіп жапсырайық. Ертең оқуға түсесің, үлкен жерлерде боласың, саяхаттаймыз», – деп бағыт берген дұрыс. Армандар картасында саяхат, білім деген секторлар бар. Оны жасаудың өзіндік әдісін қалыптастырғанмын, соны «балаларыңызбен бірге жасаңыздар» деп көп кеңес беремін», – деді Құралай ханым.

Войдите, чтобы оставить комментарий