Құралай ханым: Құда күтетін вилла алуды армандап жүрмін
Танымал психолог әрі коуч Құралай Ошақбаева отбасылық өмірдің кезеңдері, ерлі-зайыптылар арасындағы рөлдердің ауысуы, сондай-ақ қаржылық жағдай мен бала тәрбиесіне жұмсалатын шығындар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Құралай ханым бұл туралы журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында әңгімеледі.
Психолог отбасылық қарым-қатынастағы рөлдердің қалай өзгергеніне және оның жеке кәсібіне қандай әсер еткеніне тоқталды.
«Біздің өзіміздің отбасымыздың өмірін үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңде папасы мен қызы деген модельде өмір сүрсек, екінші кезеңде мамасы мен ұлы деген модельде өмір сүрдік, яғни рөлдерді ауыстырдық. Сол кезде бізде балабақша болды, ақша табу басталды. Сосын жолдасым теміржолдағы өзінің қызметінен төменірек түсіп, Қаскелең ауданындағы футбол ассоциациясының бастығы болып кетті. Доп қуалап, бала болып, менің балам болып кетті. Жұмысына барып келеді, бірақ үлкен жүк пен жауапкершілік, тіпті бизнес те маған өтіп кетті. Сөйтіп ол кәдімгідей 7-8, тіпті 9 жыл демалды», — деді психолог.
Сонымен бірге ол көпбалалы отбасындағы тығыз әрі қарбалас өмірдің ішкі алауыздықтарға уақыт қалдырмайтынын атап өтті.
«Біздің отбасында бала көп. Бізде, орысша айтқанда, «событие» көп. Сен «айтпа» десең де, жылдың пәленше айында туған күн болып жатады. Отбасымызда 8 адам, екі мамамыз бар. Бізде 10 ай бойы бірдеңе болып жатады: біреуі оқуға түседі, біреуінің тусауын кесеміз, біреуін сүндеттейміз, біреуі 70-ке, біреуі 60-қа толып жатады. Қазір өзім талдау жасаймын: қыздар келіп жатады ғой, адамдар ерігіп іші пысып кеткенде бір-бірін қаза бастайды. Ал бізде әйтеуір бір жағдай бітіп жатса, екінші нәрсеміз басталып жатады. Сондықтан бір-бірімізді мүжуге уақыт болмаған шығар деп ойлаймын», — деді Құралай ханым.
Бұдан бөлек, коуч жұбайымен арадағы қарым-қатынастың үшінші кезеңіне өткенін және енесінің тұрғылықты мекенжайына қатысты жағдайды түсіндірді.
«Жаңа айтып жатырмын ғой: бірінші, екінші, үшінші кезеңдерден өтіп, қазір біз күйеуі мен әйелі моделіне келдік. Соңғы осы 7-8 жылда күйеуі мен әйелі болып, екеуіміз бір-бірімізді толық түсінуге көштік. Енді әлі де жететін, армандайтын, бір-бірімізге қалайтын нәрселеріміз көп. Оның да бір арманы мен қиялы бар деген сияқты, әлі де көп нәрсе бар. Енді: «Ойбай, біз өйтіп-бүйтіп керемет болып, алтын тойға жетеміз», – деп гарантия бере алмаймын, бірақ отбасылық құндылықты көп насихаттаймын. Енем ауылда тұрады. Ауылда қасында қайнағамыз бар. Енеммен негізі көшкен кезде Астанада 6 ай бірге тұрғанбыз, енем бізбен барған. Бірақ ол кісі 70-80 жыл сол Қошмамбетте тұрғандықтан, өзінің баратын жерлері, қонағы, тойы бар деген сияқты ауылын, достарын сағынады. Қазір жылдың пәленше айында ауылдамыз ғой», — деді коуч.
Сөз соңында Құралай Ошақбаева өзінің мүліктік жағдайы, болашақ жоспарлары мен балалардың білімі мен дамуына жұмсалатын негізгі инвестициялары туралы айтты.
«Байып кеттім! Шетелде үйім жоқ, бірақ осы Қошмамбетте үйім бар, Алматыда бірнеше үйім бар, Астанада да бар. Өзімді кезінде армандаған белгілі бір деңгейіме жеткен баймын деп есептеймін. Қазір де одан да байығың келеді. «Кедей бай болсам дейді, бай Құдай болсам» дейді ме, ондай бар ғой, түрлі нәрсені армандайсың. Құда күтетін кең вилланы армандаймын. Алматыдан біреу, Астанадан біреу... Жаңағы Сәкен Майғазиевтің тойынан кейін тіпті ол арманым өршіді, көрсеқызарлығымыз ұстады. Қыздарымның жасауын ашатын, құдалар күтетін үйлерді армандаймын, әрине. Бірақ осы уақытқа дейін біз көбінесе күшті балаларға салған екенбіз. Балаларымыздың біреуінің оқуының өзіне айына 100 мыңдап кетеді: репетиторы бар, оқуы бар, боксы бар. Балаларымыз 5 жасынан бастап қатысады. Енді әр балаға салынатын ақшаны санап отырсам, айына 100 мың деген сөз — ол кәдімгі КазГУ-де оқитын студенттің ақшасы, 5-сынып баласының ақшасы емес. Бірақ біздің көп күшіміз осы уақытқа дейін сол балаларға кеткен. Шетелде оқыса да, қанша «0 теңгеге оқыды» десек те, бәрібір беретін ақша бар ғой. Жұмыс істейді екен! Мен негізі нөлден, талай рет нөлден бастаған адаммын. Ол байу деген — жүректе ғой, адамның өзінің рухани күшінде», — деді Құралай ханым.
Соңғы жаңалықтар