Құралай ханым: Ұл тусам ғана бақытты боламын деп ойладым

31.08.2026 12:01 Томирис САҒЫНДЫҚ
Құралай ханым: Ұл тусам ғана бақытты боламын деп ойладым
144
Фото: astanatv.kz сайтынан алынды

Танымал психолог әрі блогер Құралай ханым бала күннен бергі танымалдылыққа деген арманы, мамандық таңдауы және өмірдегі ішкі психологиялық өзгерістері туралы сұхбат берді. Ол өзінің тұлғалық қалыптасу жолында кезең-кезеңімен кездескен сынақтарын бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Құралай ханым журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында әңгімеледі.

Психологтың айтуынша, танымал болуға деген ұмтылыс бойында бала кезінен қалыптасқан.

«Білмеймін, мен өте қатты танымал болғым келді. Мектепте жүргенде, 5 жасымнан бастап өзімді әкем қонақтар келгенде орындыққа шығарып қойып, Мұқағалидың өлеңдерін айтқызатын. Бастауышта жүріп-ақ Мұқағалидың ұп-ұзын поэмаларын айта беретінмін, ал әкем соған өте қатты қуанатын. Кішкентай кезімнен әкем: «Менің қызым танымал болады, қызым жұлдыз болады» деп айтатын. Домбырамен өлең айтып, мектепте «Қыз сыны», «Сықырлы қазан» сынды байқауларға қатысып, өте белсенді болдым. Пионер кезде бүкіл мектепті басқарып, «Дружина» кеңесінің төрайымы болдым», — деді Құралай ханым.

Құралай ханым өзі қалаған өнер немесе журналистика саласына емес, әкесінің бағыттауымен ақпараттық технологиялар бағытын таңдағанын жеткізді.

«Кейін мектеп бітірерде Консерваторияға немесе ҚазҰУ-дың журфагына түсемін дегенімде, әкем: «Қой, оны не істейсің? Ертең жұрттың бәрінде компьютер болады. ҚазҰТУ-да жаңадан «Бағдарламалау» деген мамандық ашылыпты, компьютерлік технологиялар бойынша оқы. Ертең бәріне соған сұраныс болады», – деді. Ол кісі болашақты алдын ала болжай білетін. Ауылда парторг болды, зооветеринария институтын бітіргендіктен, мал дәрігері болып жұмыс істеді. Маған: «Сен осы мамандыққа бар, келешек осында», – деді. Сөйтіп, ол топта 17 ұлдың ішінде 3 қыз болып оқыдық», — деді психолог.

Техникалық салада оқығанына қарамастан, ол медиа саласына деген қызығушылығын жоғалтпаған. Бұл мақсаты бірнеше жылдан кейін әлеуметтік желілер арқылы орындалған.

«Негізінен теледидар саласын армандадым. ҚазҰУ-ге волейбол мен баскетболдан жарысқа барғанда, ондағы студенттерге өте қатты қызығатынмын. Сол кезде журналистерді жаңадан дайындап жатқан еді. Бізбен араласып жүретін қыздар ол кезде жаңадан ашылған «Шалқар», «Алматы» сияқты телеарналарға барып жүретін. Эфирге шықпаса да, «барып кел, шауып келмен» жүріп: «Бүгін осындай бағдарлама түсірдік, Айгүл Мукейді көрдік» деп айтқанда, аузымның суы құрып: «Мәссаған, қандай бақыттысыңдар!» деп қатты қызығатынмын. Сол бала күндегі арманым орындалып, кейін 40 жасымда, 2018 жылы танымал болдым. Біреуге еліктеу емес, бұл кішкентай кезімнен бергі ішкі арманым еді. Инстаграмға тіркелгенде Айнұр Тұрсынбаева, Қарақат Әбілдина сияқты танымал тұлғалардың парақшаларына жазылып, «мен де сондай ортада жүрсем екен» деп армандадым», — деді Құралай ханым.

Ол отбасылық қарым-қатынаста, кәсіпте және орта таңдауда кездескен кедергілерді саралап, өмірлік тәжірибесінен түйген қорытындысын баяндады.

«Қазір өзіме артқа қарап анализ жасасам, психологияда да, Исламда да солай ғой: не нәрсеге қатты жармассаң, Құдай сені сол нәрсемен сынайды екен. Мен тұрмысқа шыққанда күйеуіме қатты жармастым. Әкем қайтыс болған соң, «күйеуім де өліп қалады» деген қорқыныш болды. Енді оның бәрін психологиялық терапиялардан өтіп барып түсініп жатырмыз ғой. Күйеуіме қатты жармасқан сайын, ол менен алыстай берді. Кейін бұл қателікті түсініп, күйеуге жармаспау керектігін, ең әуелі өзіңді дамыту керектігін ұқтым. Өзімді жеке тұлға ретінде қалыптастырып, күйеуім қасымда болса да, болмаса да бақытты болуды үйренгенімде ақшаға жармаса бастадым. Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетте сабақ беріп жүрген жерімнен жұмыстан шығып кеттім. Кішкентай дүкенім мен балабақшам бар еді, соны дамытамын деп кәдімгідей кәсіпке жармастым. «Ақшам болса, бәрі болады» деп дүниеге қатты байландым. Ол жерде де әртүрлі сынақ болды. Психологтармен жұмыс істей жүріп, бұл жолы ақшаға да жармаспауды үйрендім. Бойымдағы дүниеқұмарлықты жеңдім. «Дүние – қолдың кірі» деген сөздің рас екеніне көзім жетті. Ақша болса да, болмаса да бақытты екенімді сезініп, қаржылық тәуелсіздікке жеттім. Сол нәрселерді Шамиль Аляутдинов пен Саидмурод Давлатовтың семинарларына қатысқанда терең түсіндім. Балаға қатты жармассаң, баламен де сынайды екен. Кейін танымал достарға, жұлдыздарға жармастым. Людмила Гурченконың бір киносы бар еді. Онда басты кейіпкер Мәскеуде, Кремльдің жанында тұрады. Зейнеттегі екі құрбысына: «Атақты көршілерімнің болғанын қалаймын» деп маза бермейді. Сөйтіп жүріп аферистерге алданып, нотариус арқылы қол қойып, қаладағы қымбат үйін қала шетіндегі кішкентай далалық үйге айырбастап жібереді. Өкініштен жылап-еңіреп екі құрбысын шақырады. Содан қараса, жолдың арғы шетіндегі терезеден Есенин, Лермонтов сияқты ұлы тұлғалар жерленген зират көрініп тұрады екен. Сонда құрбысы оны сабырға шақырып: «Сен атақты көршілерді қалап едің ғой? Сұрағаныңды Құдай берді анау» дейді. Сол сияқты мен де жұлдыздармен бір ортада жүргім келді. Одан да өте қатты сынақ өттім, буллингке ұшырадым. Тіпті сондай жұлдыздардың арасында болған жайттарды Аман Тасығанның сұхбатында да айтқан болатынмын. Аманға өте ризамын. Сол кезде ешкімге, ешқандай досқа да, жұлдызға да жармаспау керектігін ұқтым. «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады» демекші, өткен 20 жылдық саналы өміріме көз жүгіртсем, не нәрсеге қатты жармассам, содан маған сынақ келген екен. Дегенмен ол ортадан іргемді аулақ салып кеткенім жоқ, қазір де сәлемім түзу, бәрін жақсы көремін. Табиғатым сондай шығар, бұрын «Сен сондайсың» десе қабылдамайтын едім. Қазір өзімді солай қабылдаймын. Алты бала тууым да содан шығар, «ұл тусам ғана бақытты боламын» деп, балаға да жармасқан болармын. Өзім өте эмоционалды, шығармашыл адаммын, бір нәрсеге тез қызығамын. Бала кезімде анам «көрсеқызар» дейтін. Не нәрсеге қызықсам, соның түбіне жетіп, тойғаннан кейін барып басыламын», — деді Құралай ханым.

Войдите, чтобы оставить комментарий